Todayinfo.kz
МәдениетБарлық жазбаларды қарау

«Қымызмұрындық – 2026»: Алматы облысында ұлттық мереке басталды

Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында өтіп жатқан мерекеге 35 мыңға жуық қонақ күтілуде, шара абыз баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналған.

Авторы Todayinfo редакциясы··1 мин оқу
«Қымызмұрындық – 2026»: Алматы облысында ұлттық мереке басталды
📷 Дереккөз: dalanews.kz

Алматы облысының Кеген ауданы Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық – 2026» мәдени-көпшілік және спорттық шарасы басталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Мереке абыз баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен тұспа-тұс келіп, биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр.

Мерекеге еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қытай, Түркменстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан Республикасынан қонақтар келуде. Барлығы 35 мыңға жуық мейман қатысады деп күтілуде.

Таң сәріден Қарқара жайлауына жиналған жұртшылық түрлі бағыттағы тақырыптық алаңдарды аралап көрді. Жүзден астам киіз үйден құралған этноауылда қонақтар қазақ халқының бай мәдениетінен сыр шертетін көрмені тамашалады. Қолөнер шеберлері мен суретшілердің туындылары ұсынылып, ауыл шаруашылығы техникасы мен жергілікті өндірушілердің өнімдері таныстырылды.

Қымыз тойында ұлттық ойындардан түрлі сайыстар өткізіліп, Мыңжылқы атырабын дүбірге бөлеуде. Спортшылар ат бәйгесі, қазақ күресі, алыптар сайысы, теңге ілу, асық ату, қой көтеру сынды жарыстардан сынға түсуде. «Топжарған» этно-өнер орталығының шоу бағдарламасы, «Толағай» өнер орталығының қойылымдары, облыс өнерпаздары мен танымал эстрада жұлдыздарының концерті қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.

Балаларға арналған аймақта аттракциондар, қуыршақ театры, қолөнер, сурет салу, шахмат және тоғызқұмалақ жарыстары өткізілуде. «Қымызмұрындыққа» келген көпшілік ұлттық сусынымыз қымыздан дәм татып, ұлттық тағамнан ауыз тиіп, мәре-сәре болуда.

Ұқсас материалдар