Алматы облысының Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында ұлттық рухты асқақтатып, қазақтың бай мұрасы мен көшпенділер өркениетін дәріптеген «Қымызмұрындық – 2026» халықаралық мәдени-спорт фестивалі өз мәресіне жетті. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған айтулы шара қазақтың көрнекті биі, мәмілегер, ойшыл Әлмерек Жаншықұлының туғанына 368 жыл толуына арналды, деп хабарлайды Todayinfo.kz тілшісі

Фестивальге Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Қарақалпақстаннан арнайы делегациялар мен қонақтар келіп, жалпы 35 мыңға жуық адам Қарқара төрінде бас қосты. Бұл көрсеткіш фестивальдің халықаралық деңгейге көтерілгенін және қазақ мәдениетіне деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетті.

IMG_7403.jpeg

Мың жылқы дүбірі – фестивальдің ең әсерлі көрінісі

Биылғы мерекенің басты ерекшелігі – Қарқара жайлауын дүбірге бөлеген бір мезетте мың жылқының шабысы болды. Ұлы даланың еркін рухын бейнелеген бұл көрініс мыңдаған көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп, фестивальдің символына айналды.

IMG_7411.jpeg

Аламан бәйгеде жүйріктер сынға түсті

Фестиваль аясында өткен бәйге көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Биыл жарысқа еліміздің әр өңірінен 200-ге жуық таңдаулы тұлпар қатысты.

Бәйге үш кезең бойынша ұйымдастырылды:

Құнан бәйге – 9 шақырым;

Топ бәйге – 20 шақырым;

Аламан бәйге – 32 шақырым.

Жүлде қоры да қомақты болды. Аламан бәйгенің жеңімпазы Jetour X70 FL Prestige автокөлігін иеленсе, екінші орынға – 2,5 миллион теңге, үшінші орынға 1 миллион теңге табысталды.

IMG_7407.jpeg

Ұлттық спорттың мерейі үстем болды

Фестивальде қазақтың ұлттық спорт түрлері кеңінен насихатталды.

«Түйе палуан» жарысында еліміздің кіл мықты балуандары бозкілемде белдесіп, жеңімпаздар қомақты сыйлықтарға ие болды.

Көпшіліктің қызығушылығын тудырған тағы бір сайыс – «Қошқар көтеру». Ерекше күш пен төзімділікті талап ететін жарыста қошқарды ең көп көтерген спортшы оны дәстүр бойынша өз жүлдесі ретінде алды.

Ал «Алыптар сайысында» қатысушылар найза лақтыру, темір шыбық ию, ауыр тасты көтеріп жүру, 100 келілік бөренемен жаттығу жасау және 500 келілік арбаны сүйреу секілді күрделі сындардан өтті. Бас жүлде иегеріне 1,5 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.

Бұдан бөлек қол күресі, арқан тарту, тоғызқұмалақ, шахмат, қой қырқу және көшпенділер өмірімен біте қайнасқан өзге де ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

IMG_7410.jpeg

Түркі жұртын тоғыстырған рухани мереке

«Қымызмұрындық – 2026» фестивалі тек ойын-сауық емес, түркі халықтарының ортақ тарихи тамыры мен мәдени байланысын нығайтқан халықаралық рухани алаңға айналды. Түркі мемлекеттері мен қандастардың бір шаңырақ астында бас қосуы ұлттық құндылықтардың әлемдік деңгейде насихатталуына серпін берді.

IMG_7402.jpeg

Қарқара – ұлттық туризмнің жаңа бренді

Табиғаты тамылжыған Қарқара жайлауында өткен фестиваль ұлттық мәдениет пен этнотуризмді дамытуға тың серпін берді. Дәстүр мен заманауи ұйымдастыру үлгісін ұштастырған мереке қазақтың қонақжайлығы мен ұлттық болмысын мыңдаған қонаққа таныстырып, Алматы облысының туристік әлеуетін айшықтай түсті.

«Қымызмұрындық – 2026» – ұлттық мұраны ұлықтап, қазақ рухын асқақтатқан, ұлы даланың даңқын әлемге паш еткен ең ауқымды мәдени оқиғалардың бірі ретінде тарихта қалды.