Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жастардың басын қосқан маңызды кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың экологиялық сауатын арттырып, тазалықты өмірлік ұстанымға айналдыруға шақыру, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Сарқан ауданында ұйымдастырылған «Taza Time: тазалық – ортақ міндет» атты жиында «Sarqan jastary» филиалының жетекшісі Бауыржан Жантасов сөз сөйлеп, экологиялық сананы қалыптастырудың маңызына тоқталды.
"Алдағы уақытта «Taza Time» қозғалысын тұрақты насихаттап, тазалық акцияларын жиі өткізу – біздің ортақ міндетіміз. Сіздердің әрқайсыңыздың осы шараларға белсенді қатысуларыңыз қоғамға оң ықпал етеді. Ең бастысы, «Таза ой – таза орта - таза болашақ» қағидасын ұстанып, тазалықты өмір салтымызға айналдырайық", - деді ол.
Кездесу соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, өз ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ жиынға келген жастар тазалықты күнделікті әдетке айналдыру туралы ортақ үндеу қабылдап, белсенді қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Фото: Әлеуметтік желіден




