Биылғы Наурыз мерекесі өзгеше өтеді. Алматы халқы Наурызда жасанды интеллект, сандық дәуірдің ұлттық мұра мен мейрамға әсерін тікелей көре алады. Ақылды технологияның құдіретін сезіп, замани технологияның көне мұраға да тигізген жақсылығын көзбен көреді, деп жазады Todayinfo.kz ақпараттық порталы.
Астана алаңында қонақтар қазақ үйдегі жасанды интеллект арқылы жасалған туристік орындарды көре алады. Ішкі келбеті керемет безендірілген қазақ үйде толықтай сандық технология қолданылған.
«Заманның талабына сай қазіргі уақытта ақпаратты қабылдау өте тез. Қысқа уақытта адамдар көп ақпарат алады, әсіресе жаңа әлеуметтік желілерде. Осындағы видеоматериалдардың көбісі бір минуттық. Осы себептен бізде үш қысқа видеоматериал бар. Сол видеоматериалдар бойынша Алматының толық атмосферасын көрсетуге тырыстық», — деді Халық музыкалық аспаптар музейінің бөлім жетекшісі Данияр Жаңқабаев.
Қаланың әртүрлі аймақтары, маңызды нүктелерін бір ғана жерден көріп, тамашалауға болады. Мәдениет басқармасы Астана, Абай алаңы мен Тұңғыш президент саябағында өтетін Наурыз мерекесінде жасанды интеллектге көбірек басымдық беріпті. Жалпы Наурыз мерекесі Алматыда 14 жерде тойланады.
«Себебі көп жағдайда Алматыдағы кептелістерге байланысты әсем жерлер көрінбей қалады. Бұл видеоматериалдар тек алматылықтар үшін ғана емес, қала қонақтары мен туристерге де бағыт бағдар береді. Қазақ үйінің атмосферасын сезініп, осы аймақтарды көруге мүмкіндік беретін шағын диджитал жобаны осылай құрастырдық», — деді спикер.
Наурыздағы сандық жоба заман талабының мүмкіндігін пайдалана отырып, оңтайлы, ірі ықшамды түрде жасалған. Мәдениетіміз бен дәстүрімізді дамытып, заманауи технологиямен үйлестіру маңызды. Қазақ үйі көшпелі кезеңнен бастап қалыптасқан дәстүрлі мәдениет ретінде заманауи технологияда да өзінің белгілі функциясын сақтай алады. Одан бөлек ұлттық қолөнер бұйымдары мен атақты күйшілер мен композитор, әншілер секілді ұлты тұлғалардың музыалық аспаптары да көпшілікке ұсынылған.
«Бұл идеология біздің жобамыздың негізі болып табылады. Бұрын бізде көптеген көшпелі көрмелер, этнофестивальдер өткізілді. Сол сәттерде диджитал қазақ үйі басқа жерлерде құрылды және көрсетіледі. Қазір осы жобаның бастамасын Наурыз мерекесінен деп айтуға болады.
Астана қаласында өткен “Көшпенділер ойыны” сияқты іс-шаралардан кейін біз видеороликтерді қысқаша жасап келеміз. Себебі ауа райы мен қауіпсіздік жағдайына байланысты көп уақыт сол жерде болу мүмкін емес. Сондықтан видеороликтер қысқа, тек кіріп сезініп шығуға арналған. Технология мен заман талабына сай бәрін қарастырып, анализ жасап, қысқа материалдар ретінде үш ролик дайындалды», — деді бөлім меңгерушісі.
Ал Абай алаңында ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі өтеді. Зергерлер темірден түйін түйіп, тоқыманың түрлерін тұрғындардың алдына тарту ретінде ұсынады.
Наурызнама онкүндігі аясында жоспарланған жобалардың жартысына жуығы жасанды интеллектнің көмегімен жасалған. Ондағы мақсат халық тек той тойлап, думандатып қана қайтпай, заманның оң өзгерістерін, Президент жиі айтатын ғылымның жетістігін жұрттың жүрегі мен санасына жеткізу болса керек.
Ал өнер жұлдыздары қатысатын негізгі концертке соңғы дайындықтар жүргізіліп жатыр.




