Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Freedom Holding Corp. компаниясының демеушілігімен «Mecenat.kz» әдеби сыйлығының IV маусымының жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Todayinfo.
Жыл сайын өткізілетін әдеби байқау қазіргі Қазақстанның шынайы бейнесін көркем тілмен бейнелейтін шығармаларды анықтап, талантты авторларды насихаттауды мақсат етеді.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылған байқауға 21 автордан қазақ тілінде - 9, орыс тілінде - 12 қолжазба ұсынылып, халықтық онлайн дауыс беру нәтижесінде жас қаламгер Әлихан Жақсылықтың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» атты романы үздік деп танылды.
Жеңімпазға Freedom Holding Corp. компаниясының еншілес ұйымы - «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясынан өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары мөлшерінде төленетін ерікті аннуитеттік сақтандыру полисі табысталды.
Жоба меценаты, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов байқауды қолдау — компанияның адам әлеуетін дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі екенін айтты.
Аталған жүлдені 2022 жылы «Күлпет» романымен жазушы Шархан Қазығұл жеңіп алса, 2023 жылы «Өлгендер қайтып келеді» романының авторы Тұрысбек Сәукетаев, 2024 жылы «Өмір бәйтерегі» романымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжан иеленген.




