Қызылорда облысының Шиелі ауданында 16 жастағы Балсұлу Өмірзақтың өліміне қатысты жергілікті тұрғын ұсталып, сот шешімімен қамауға алынды, деп хабарлайды todayinfo.kz ақпарат порталы.
Марқұмның анасы Гүлжайна Қалдыбаеваның айтуынша, жасөспірім 2 маусым күні кешке құрбысы шақырған соң үйден шығып кеткен. Алайда ол сол түні қайтып оралмағандықтан, таңертең уайымдаған туыстары бірден іздеу жұмыстарына кіріседі. Көп ұзамай, яғни 3 маусым күні жергілікті тұрғын қыздың денесін канал шлюзінен тауып алып, полицияға хабар берген.
Осы жағдайдан кейін бірден «Адам өлтіру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті құрықталды.
«Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», — деді департаменттің тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітов.




