Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданында өткен жылы ғана шамамен 1 миллиард теңгеге салынған жаңа гидротехникалық нысанның бір бөлігі опырылып түсті.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, нысанның бетон қабырғасы ішке қарай құлап, өзге бөліктерінде де кез келген сәтте қирау қаупін тудыратын үлкен жарықтар пайда болған. Ауылды сумен қамтамасыз ететін негізгі күретамыр істен шыққандықтан, қазіргі уақытта тіпті шлюзді ашудың өзі қиындап кеткен. Видео авторы жобада төрт арматура қарастырылғанымен, іс жүзінде тек екеуі ғана пайдаланылғанын, қабырғаның құлауына дәл осы үнемдеу себеп болуы мүмкін екенін алға тартты. Осы ақпаратқа қатысты жергілікті әкімдік пен жауапты мемлекеттік органдар әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.




