Todayinfo.kz
Ақпарат комитетіБарлық жазбаларды қарау

«Заң мен тәртіп» жемқорлыққа төзбей, халықты әділеттілікке біріктіретін ауқымды жоба – сарапшы

Фото: jsk.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікте  «Заң және тәртіп» қоғамды біріктіруші идеология саналады. Шын мәнінде, мемлекетіміздің саясаты жалпы дұрыс бағытта құрылған. Басты мәселе оны іске асыруда. Қағаз жүзінде к

Авторы Мейіржан Әуелханұлы··2 мин оқу
«Заң мен тәртіп» жемқорлыққа төзбей, халықты әділеттілікке біріктіретін ауқымды жоба – сарапшы
Фото: jsk.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікте  «Заң және тәртіп» қоғамды біріктіруші идеология саналады. Шын мәнінде, мемлекетіміздің саясаты жалпы дұрыс бағытта құрылған. Басты мәселе оны іске асыруда. Қағаз жүзінде көптеген бастамалар тиімді әрі жүйелі көрінеді, алайда іс жүзінде олар көбіне толық жүзеге аспай қалады. Соның салдарынан жарияланған мақсаттар мен нақты нәтижелер арасында алшақтық пайда болады, деп саралайды Todayinfo.kz ақпараттық порталы.
«Бұл мәселе ең жоғары деңгейде де көтеріліп жүр. Мәселен, Премьер-министр Олжас Бектенов «заң және тәртіп» қағидатын мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік органдар атқарылған жұмыстар бойынша есеп беруде: мысалы, 2025 жылы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары бойынша мыңнан астам қылмыстық іс қозғалып, олардың басым бөлігі сотқа жолданғаны айтылуда. Кейбір істер әлі де тергеу сатысында. Сондай-ақ шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бұған қоса, бюджет қаражатының жұмсалуын барынша ашық ету мақсатында цифрлық теңге сияқты жаңа құралдарды енгізу жоспарлануда. Бұл жүйе арқылы қаржының нақты қайда жұмсалғанын бақылауға мүмкіндік туады. Дегенмен, осындай шараларға қарамастан, қоғамда сыбайлас жемқорлық әлі де кең таралған деген пікір сақталып отыр», - деді  қоғам мен мемлекет арасындағы қатынастар саласындағы сарапшысы Андрей Андреев.
Мұны халықаралық бағалаулар да көрсетеді. Атап айтқанда, Transparency International деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 100 мүмкін балдың 38-ін жинап, 192 елдің ішінде 96-орынды иеленді. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 40 балл және 88-орын болған. Бұл қабылданып жатқан шаралардың әзірге тұрақты нәтиже бермей отырғанын аңғартады.
«Негізгі мәселе жарияланған «сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік» қағидаты мен нақты өмірдегі жағдай арасындағы алшақтықта. Антикоррупциялық органдар бірнеше рет реформаланғанымен — қаржы полициясынан бастап, кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне дейін, әрі қарай оның құрылымдық өзгерістеріне қарамастан — айтарлықтай серпіліс байқалмай отыр. Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресу үшін азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-тың белсенді қатысуы аса маңызды. Халықаралық тәжірибе кешенді тәсілдің нәтижелі екенін көрсетеді. Мәселен, Сингапур елінде Ли Куан Ю жүргізген реформалар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық деңгейі айтарлықтай төмендеді. Бұл модель мемлекеттік қызметкерлердің жоғары жалақысы, қатаң жауапкершілік және жазаның бұлтартпастығы қағидаттарына негізделген», - деді сарапшы.
Ал Грузия 2004 жылы полиция жүйесін толық жаңартып, жаңа кадрлар арқылы жемқорлықты едәуір азайтты. Эстония болса, мемлекеттік қызметтердің барлығын дерлік цифрландыру арқылы азамат пен шенеунік арасындағы тікелей байланысты барынша қысқартты. Сонымен қатар, қоғамның сана-сезімі де шешуші рөл атқарады. Сыбайлас жемқорлық екі тараптың — пара беруші мен алушының — қатысуымен жүзеге асады. Көп жағдайда бұл бұрыннан қалыптасқан әдеттердің әсері: адамдар қиындық туындағанда заңды жолмен емес, таныс арқылы немесе бейресми тәсілмен мәселені шешуге тырысады.
«Сондықтан ең маңызды бағыттардың бірі — жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу. Балаларға ерте жастан бастап пара беру мен алудың заңға қайшы екенін, оның салдары бар екенін түсіндіру қажет. Өйткені бүгінгі күні балалар ересектердің әрекетіне қарап өседі: балабақшаға орналасу, мектеп, жұмысқа тұру сияқты мәселелердің ақша арқылы шешілетінін көріп отыр», - дем түсіндірді Андреев.
Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі де ерекше. Тәуелсіз әрі кәсіби БАҚ — сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді құралдарының бірі. Журналистік зерттеулер арқылы түрлі заңбұзушылықтар әшкереленіп, бұл кейін жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартуға негіз болады.
«Осы ретте журналистерді қысымнан қорғау маңызды. Заңнама олардың еркін жұмыс істеуіне және зерттеу жүргізуіне кепілдік беруі тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік органдар барынша ашық болуы қажет: мемлекеттік сатып алулар, кадрлық шешімдер, бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпараттар қоғамға қолжетімді болуы тиіс. Ашықтық пен есептілік — сыбайлас жемқорлықты азайтудың негізгі шарттарының бірі. Қорытындылай келе, саяси ерік-жігер, тиімді институттар, белсенді азаматтық қоғам және жоғары құқықтық мәдениет үйлескен жағдайда ғана сыбайлас жемқорлық деңгейін нақты төмендетуге болады», - деді сарапшы.

Ұқсас материалдар

«Заң мен тәртіп» жемқорлыққа төзбей, халықты әділеттілікке біріктіретін ауқымды жоба – сарапшы · Todayinfo