Өскемендегі «Дина» көтерме базарында жүргізілген кешенді мониторинг әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны шамадан тыс көтеру деректерін анықтады. Жеке кәсіпкерлердің бірі көкөністерді заңмен белгіленген шектен бірнеше есе жоғары бағамен сатқан.
Электрондық шот-фактураларды талдау сатып алу құны мен сату бағасы арасындағы елеулі айырмашылықты көрсетті. Ақпан айында Абай облысынан 30 тоннадан астам картопты килограмына 150 теңгеден сатып алған кәсіпкер, оны наурызда 250–280 теңгеден қайта сатқан. Бұл нақты үстемеақы 70%-дан 86%-ға дейін жеткен.
Ұқсас жағдай басқа да өнімдерде байқалды. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінен 130 теңгеден сатып алынған қырыққабат 200–220 теңгеден сатылған (үстемеақы 69%-ға дейін). Сәбіз 35% үстемеақымен қайта сатылып, килограмына 230 теңгеге жеткен. Бұл көкөністер кейін дүкен сөрелеріне түсіп, оларға тағы бір сауда үстемеақысы қосылған.
Аталған деректер бойынша материалдар өңірлік комиссияда қаралды. Қазір жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін құжаттар дайындалуда. Егер бұзушылықтар ресми түрде расталса, кәсіпкерге әкімшілік жауапкершілік және бағаны мәжбүрлеп төмендету туралы нұсқама беріледі.
ШҚО сауда департаменті заң бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті үстемеақы 15%-дан аспауы керек екенін еске салады.




