Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

«Үрленген қуыршақ сияқты ісіне бастадым»: журналист Жанар Байсеміз жансақтау бөліміне жатып қалған

Журналист Жанар Байсеміз анафилактикалық шок алып, өміріне қауіп төнген сәт туралы айтты, деп хабарлайды Todayinfo . Елімізге танымал журналист Жанар Байсеміз Instagram парақшасында анафилактикалық шок алғанын жазып, оқырмандарына болған жайтты егжей-тегжейлі баяндады. Айтуынша,

Авторы Жаннұр Еділбаева··1 мин оқу
«Үрленген қуыршақ сияқты ісіне бастадым»: журналист Жанар Байсеміз жансақтау бөліміне жатып қалған
Журналист Жанар Байсеміз анафилактикалық шок алып, өміріне қауіп төнген сәт туралы айтты, деп хабарлайды Todayinfo. Елімізге танымал журналист Жанар Байсеміз Instagram парақшасында анафилактикалық шок алғанын жазып, оқырмандарына болған жайтты егжей-тегжейлі баяндады. Айтуынша, жағдайы бір сәтте күрт нашарлап, өз тәнін басқара алмай қалған. Ол 25 мамыр күні ұшық кетіретін дәрі ішкен, кейін түнгі үшке жақын уақытта асқазан ауруына арналған дәріні қабылдаған.
«Содан таңғы бесте шылқылдап терлеп жатып, оянып кеттім. Түсімде ауруханада жүрмін деймін. Бір ұйқылы, бір ояумын. Ішім қатты ауырып жатыр, әрең басымды көтердім. Бір кезде екі алақаным дуылдап қыши бастады. Іле-шала басым, табаным, одан кейін бүкіл денем қышыды. Жынданған адам сияқты қаси бердім. Маса шақты ма десем, оған ұқсамайды. Бір кезде үрленген қуыршақ сияқты ісіне бастадым. Тырс-тырс-тырсылдап барамын. Тілім іси бастады, көзім жұмыла бастады. Енді сәл ғана қалғанда сөйлей алмай қалатын сияқтымын. Тілім кезеріп, аузыма сыймай барады. Мұның бәрі бірінен кейін бірі тез-тез болады екен. Ойланып үлгермейсің”, — дейді ол.
Сол кезде журналист өзіне бір сұмдықтың болғанын сезіп, жұбайын оятады.
«Бұл күй өзінен өзі тоқтамайтынына көзім жетті ме әлде қатты ауырсынудан ба(боль), жанымды қоярға жер таппай, тізерлеп барып, жұбайымды ояттым. Эдик, мне плохо, дедім. Ол, не болып қалды деп, ұшып тұрды. Балдағына сүйеніп, төсектен тұрды. Бір кезде жаман, қорқынышты күй басталды. Ыңыранған, ыңырсыған дауыс шықты. Дем жетпейді. Не болып жатқанын түсіндіре алмайсың. Ішімнің ауырғаны сап тиылды да, қуық тұсымды солқылдатып кеткен ауру үдей түсті. Шылқылдап терлеп жатырмын, үсті-басым су-су. Бір сәтте тер тоқтады. Қалшылап, мұздай бастадым. Тісім тісіме тиіп сақылдап кетті. Денемнің қышуы қойған жоқ. Жұбайымның есі шығып кетті. Сабыр ет, тыныштал дей береді. Оған сенің денең де, миың да, ештеңе көнбейді. Тән сенің еркіңнен тыс өзінен өзі жынданып жатыр. Өлетін жерім осы екен ғой, деген ой келді. Сіңілімді шақыр, мамамды шақыр, дедім бір кезде қатты қиналғаннан. “Эдик, мені құтқаршы, маған көмектесші”, деймін көзімнен жас тоқтамай. Өзіме не болып жатқанын түсіне алар емеспін. Бір кезде жедел-жәрдем келді. Тамырымды таппай, барлық жерімді тесіп жатыр, тамырларым жарылып жатыр. Көнектей болып ісініп кеткенмін. Түрім адам шошырлық. Жамбасыма салды, гормон. Ауруханаға әкелді. Анафилактикалық шок. Қан қысымы түсіп кеткен, тағы қайталануы мүмкін, шұғыл түрде реанимацияға жатқызу керек, деді кезекші дәрігер. Тыржалаңаш шешіндірді. Қандай қорқынышты, үрейлі еді. Сөйтіп, реанимациядан бір-ақ шықтым. Ар жағын білесіздер. Әзірге неден екені белгісіз. Стресс, ацикловир, омез болуы мүмкін. Бір айдан кейін анализ тапсыру қажет. Өмірімде бірінші рет осындай жағдайға душар болдым. Соңғы рет 7-класта соқырішек болып, аудандық ауруханада жатқаным болмаса осы күнге кейін бәлніске түспеппін. Реанимация дегенде төбе шашым тік тұрып, жатпаймын, деп шошығаным рас. Таңғы сағат бес жарымда мен қатты қиналып жатқанда ауылда жатқан мамам ұйқысынан шошып ояныпты. Ана жүрегі қандай иә?! Қалай сезеді?! Кейін біліп жатырмын ғой, анафилактикалық шоктан адам өліп кетеді екен. Құдай жанымды сақтады. Мен әлі өлгім келмейді! Мен әлі көп дүние істеуім керек! Мен әлі осы әлемге керекпін!», — деп жазды ол.

Ұқсас материалдар

«Үрленген қуыршақ сияқты ісіне бастадым»: журналист Жанар Байсеміз жансақтау бөліміне жатып қалған · Todayinfo