Республикалық референдумның өту барысын бақылау үшін Түркістан облысына Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының (ТҮРКПА) халықаралық байқаушылары келді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Делегация құрамында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаттары Тахир Акююрек, Филиз Кылыч, Кадим Дурмаз және ТҮРКПА Хатшылығының өкілдері бар. Олар Түркістан облыстық референдум комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаевпен және комиссия мүшелерімен кездесу өткізді.
Кездесуде комиссия мүшелерінің біліктілігі мен референдум учаскелерінің дайындық деңгейі талқыланды. Түрік делегациясы сайлау процесінің ашықтығына ерекше назар аударды.
"Түркия мен Қазақстан – достығы бекем бауырлас елдер. Референдум барлық заң талаптарына сай, жоғары деңгейде өтетініне тілектеспін", - деді Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Филиз Кылыч.
Айта кетейік, Түркістан облысында республикалық референдумды өткізу үшін 948 учаске жұмыс істейді. Аймақта дауыс беру құқығына ие азаматтар саны – 1 187 257 адам.
Фото: Әлеуметтік желіден




