Түркістан облысының ветеринария қызметінде мемлекетке миллиард теңгеге жуық шығын келтірген ірі жымқыру схемасы әшкереленді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік кәсіпорнының басшылары мен жауапты қызметкерлері 2022-2025 жылдар аралығында жалған төлем тапсырмалары арқылы 928 миллион теңгені заңсыз аударған.
"Олар кәсіпкерлік субъектілеріне ақша аудару кезінде өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдаланған. Заңсыз әрекеттерін жасыру үшін төлем тапсырмаларында бір кәсіпкерлердің ЖСН-ін көрсетіп, тек атауларын өзгерткен. Іс жүзінде бұл кәсіпкерлер ветеринария қызметіне ешқандай қызмет көрсетпеген және тауар жеткізбеген", - делінген прокуратура хабарламасында.
Лауазымды тұлғалардың бұл әрекеті мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірді. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігімен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеуді облыстық қадағалау органының арнайы прокурорлары жүргізіп жатыр.
Осы жылдың 26 наурызында ветеринария қызметінің екі бұрынғы басшысы, орынбасары және бас есепшісі – барлығы төрт лауазымды тұлға күдікті деп танылып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта іске қатысы болуы мүмкін басқа да тұлғаларды анықтау бойынша тергеу амалдары жалғасуда.
Фото: Әлеуметтік желіден




