Соңғы күндері әлеуметтік желілерде шынайы танымалдылыққа ие болған «Homay» атты башқұрт әні Қазақстанда кеңінен таралып, тыңдармандардың жүрегін жаулап үлгерді. Башқұрт этно-музыкалық «Ay Yola» тобының орындауындағы бұл туынды ұлттық тамыр мен мәдени түпқазықты жыр еткен терең мағыналы композиция ретінде бағалануда. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлайды.
Миф пен музыка үндестігі: «Homay» әнінің мәні неде?
Ән атауы – «Homay» (Хомай) – башқұрт эпосындағы мифологиялық әйел бейнесіндегі құсқа негізделген. Бұл кейіпкер «Урал-Батыр» эпосында ұлы күш иесі, қасиетті бейне ретінде көрінеді. Қызығы, дәл осындай бейне қазақ мифологиясында да бар – ол «Хұмай құс» немесе «Ұмай анамен» сабақтасып жатады. Бұл құс бақыт пен құттың, аналық мейірім мен ізгіліктің символы ретінде танылған.
Осылайша, ән тыңдарманды тек әсем сазымен ғана емес, ортақ түркілік мифологиямен де баурайды. Композицияда орындаушы ата-бабалар рухы, ұлттық болмыс және тарихи тамырлар туралы ой толғайды.
https://youtu.be/nRh4kr2aWg0Қазақстандық тыңдармандар қалай қабылдады?
Әлеуметтік желілерде бұл ән кең таралып, әсіресе Instagram мен TikTok платформаларында вирусқа айналды. Желі қолданушылары:
«Түркі халықтарының ортақ үніндей әсер қалдырды»
«Жүректі тербететін ән, ерекше энергетикасы бар»
«Бұл ән – тек музыкалық туынды емес, тұтас бір рухани тәжірибе» – деп пікір білдіруде.
Желіде таралған бейнебаян бар болғаны 5 күнде 270 мыңнан астам қаралым жинап, бұл көрсеткіш күн сайын өсіп келеді.
«Ay Yola» тобы қазақ халқына алғыс айтты
Қазақстандық тыңдармандар тарапынан көрсетілген ыстық ықыласқа риза болған «Ay Yola» тобы клиптің сипаттамасына арнайы қазақ тіліндегі аудармасын қосты.
«Қазақстан, қолдауларыңызға рахмет. Арнайы сіздер үшін осы видеоны жасадық», – деп жазды топ мүшелері.
Бұл қадам екі халық арасындағы рухани және мәдени байланысты нығайта түскені анық.
Мәдениеттанушы, өнер зерттеушілерінің айтуынша:
«Homay әні – бүгінгі ұрпақтың түркі әлеміне деген жаңаша көзқарасының көрінісі. Бұл – көне эпос пен заманауи музыканың тоғысы. Қазақ тыңдарманы бұл әнде өзінің де рухани тамырын тапты».
Ортақ рух, ортақ үн
«Homay» әнінің Қазақстанда кең танылуы – түркі халықтарының ортақ рухани коды бар екенін, және ол кез келген шынайы өнер туындысында жаңғырып отыратынын көрсетті. Башқұрт пен қазақ – бір негізден шыққан бауырлас халықтар. Бұл ән арқылы екі халықтың тарихы, мифологиясы мен сезімі үндесіп, рухани көпір орнады.




