Астанада болашақта салынуы мүмкін екінші әуежайдың орналасатын аумағы айқындалды. Қалалық мәслихат депутаттары елорданың бас жоспарына енгізілген өзгерістерді мақұлдап, жаңа әуе айлағын орналастыруға ұсынылған аумақты бекітті.
Жаңартылған бас жоспарға сәйкес, алдағы жылдары жолаушылар мен туристер ағынының артуына байланысты қосымша әуежай салу қажеттілігі туындауы мүмкін. Осыған байланысты мамандар бірнеше нұсқаны қарастырып, әуе қозғалысының қауіпсіздігі мен көлік қатынасының қолайлылығын бағалаған.
Нәтижесінде жаңа әуежай үшін ең қолайлы орын ретінде Астананың солтүстік-батыс бағытындағы аумақ таңдалды. Ол Шортанды кенті жағына қарай, Астана–Көкшетау автожолының бойында орналасқан.
Жобаға ұсынылған жер телімі қала шекарасынан шамамен 48 шақырым, ал «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан 73 шақырым қашықтықта жатыр. Алдын ала есептеулер бойынша, жол жүру және күту уақытын қосқанда, әуежайға жетуге орта есеппен 2–2,5 сағат кетуі мүмкін.




