Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты тараған алып-қашпа әңгімелерге алғаш рет жауап берді. Әкім сотта айтылған «тапсырыс беруші – жоғары лауазымды шенеунік» деген айыптауға қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық порталы.
Естеріңізде болса, 2025 жылдың тамызында Берденовке оқ атқан Ернар Жиембай сотта тосын мәлімдеме жасаған еді. Айыпталушының сөзінше, жәбірленуші тарап одан тапсырыс беруші ретінде нақты бір жоғары лауазымды тұлғаның есімін атауды талап еткен. Кейінірек БАҚ беттерінде бұл «шенеуніктің» қазіргі қала басшысы Ғабит Сыздықбеков болуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын.
Астанада өткен брифингте журналистер әкімнен осы резонансты іс пен соттағы айыптаулар жайлы сұрады.
"Әр адамның өз пікірі бар. Менің бұл іске қатысым бар деген сөздер – жай ғана қиял және олардың өз проблемасы. Менің бұған қандай қатысым болуы мүмкін? Әрине, айыпталушы өзін қорғау үшін кез келген қадамға барады. Іс жабылды, сот нақты шешім шығарды. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтере берудің қажеті жоқ", – деп кесіп айтты Сыздықбеков.
"Біз жақын болған жоқпыз"
Сондай-ақ, қала басшысы әлеуметтік желіде қызу талқыланған қауесеттерден хабардар екенін жеткізді. Ол Берденов екеуінің арасында қандай қарым-қатынас болғанын да ашып айтты.
Әкімнің сөзінше, олардың арасында тек жұмыс барысындағы байланыс болған.
"Баспасөз қызметі маған желідегі түрлі пікірлерді көрсетіп тұрады. Кейбір тұрғындар «осы адам (Берденов) келгелі қала құлпырып кетті» деп жазады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Ол кезде Берденовтің қызметке кіріскеніне бір ай да болмаған еді, жұмысты енді ғана бастап жатқан. Ал әрі қарай не болғанын өздеріңіз білесіздер", – деді қала басшысы.
Журналистердің "Араларыңыз қандай?" деген сұрағына Сыздықбеков алдымен қысқа ғана "Өте жақсы" деп жауап берді.
Дегенмен, артынша қарым-қатынас сипатын нақтылады:
"Біз жақын дос емеспіз. Арамызда таза қызметтік қатынас болды. Ол менің орынбасарым ретінде бірнеше салаға жауап берді және іске енді кірісіп жатқан маман еді".
Айта кетейік, Руслан Берденов қызметінен өз еркімен кеткен.
Оқиға қалай өрбіді?
Еске салайық, атышулы оқиға 2025 жылдың 21 сәуірінде Шымкент әкімдігінің алдында болған еді. Қарулы адам әкім орынбасарына оқ жаудырып, шенеунік ауруханаға түскен болатын. Кейінірек Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Берденовке үш рет оқ атылғанын растады.
Тергеу барысында күдіктінің 31 жастағы Ернар Жиенбай екені анықталды. Оған Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша айып тағылды.
20 тамызда сот Жиенбайды кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, ол жәбірленушіге 30 АЕК көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. 9 қазанда апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Айта кетерлігі, оқиғадан соң желіде қылмысқа "әйелге қырындау" себеп болды деген ақпарат тараған. Алайда Шымкент әкімдігі бұл нұсқаны ресми түрде жоққа шығарды.
Руслан Берденов 2025 жылдың 29 тамызында Шымкент әкімінің орынбасары қызметінен кетіп, кейін Алматы қаласы әкімдігінде жаңа қызметке орналасты.




