Павлодар облысында 26 сәуірде болған қатты дауыл салдарынан 6 ауданда 29 нысанның шатыры жұлынды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Облыстық жедел штабтың мәліметінше, желдің жылдамдығы 23–28 м/с жеткен. Ең көп зардап шеккен – Екібастұз қаласы, онда 16 шатырдың жұлыну фактісі тіркелген. Зақымданған нысандар арасында жеке тұрғын үйлер, көппәтерлі үйлер, білім және денсаулық сақтау мекемелері, әкімшілік ғимараттар мен сауда нысандары бар.
Дауыл 36 елді мекенде электр қуатының үзілуіне әкелді. Қазіргі уақытта 14 елді мекенде 1009 абонент жарықсыз қалған. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
«Ақтоғай ауданында жеке үйдің аумағында гараждың қатты шатыры жартылай жұлынып, үй иесі – 1985 жылы туған әйел жарақат алды. Ол ауруханаға жатқызылды. Павлодарда 34 жастағы әйелге медициналық көмек қажет болды: үйдің жанынан өтіп бара жатып, оған ағаштың бұтағы құлаған. Науқас қалалық ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады жедел жәрдем станциясы.
Құрбан болғандар жоқ. Барлық жедел және коммуналдық қызметтер дауылдың салдарын жоюды жалғастыруда.




