Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті төрағасы бекіткен жоспарға сәйкес, Степногорск қаласында дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл туралы Todayinfo.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Іс-шараның мақсаты - қоғамда діни сауаттылықты арттыру, радикалды идеологиялардың алдын алу және зайырлы мемлекет қағидаттарын кеңінен түсіндіру, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің бұл бағыттағы білімін жетілдіру болды.

Шара аясында Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, «Qamqor-Astana» қоғамдық қорының лекторы Арман Нұрахметұлы арнайы дәріс өткізіп, полиция басқармасы, төтенше жағдайлар басқармасы, қалалық әкімдік қызметкерлеріне, сондай-ақ білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Дәріс барысында қатысушыларға еліміздегі діни ахуалдың қазіргі жағдайы, діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу жолдары, сондай-ақ зайырлы мемлекеттің негізгі қағидаттары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мен ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сала мамандары тарапынан қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріліп, күнделікті қызмет барысында туындауы мүмкін жағдайларға қатысты тәжірибелік ұсыныстар мен нақты мысалдар келтірілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары қоғамның діни сауаттылығын арттыруға, теріс ағымдардың алдын алуға және жалпы қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.




