Алматыдағы Қалалық кардиология орталығында мамандандырылған тұңғыш Аорта орталығы өз жұмысын бастады. Жаңа бөлімше аортаның жыртылуы, аневризма дертіне шалдыққан науқастарға шұғыл және жоспарлы жоғары технологиялық көмек көрсетеді. Бұл туралы бүгін баспасөз құралдарына клиника директоры Ермағанбет Қуатбеков хабарлады.

Бүгінде жетекші кардиологиялық орталықтың бірі – Қалалық кардиология орталығы медициналық көмектің 18 түрі бойынша қызмет көрсетеді. 2025 жылы орталық 11 мыңға жуық пациентті емдеген, 3,1 мыңнан астам стент қойған, мыңнан астам аритмологиялық және 500-ге жуық 6,7 мыңнан коронарография және кардиохирургиялық операция жасаған.

Клиники басшысының айтуынша, Аорта орталығының ашылуы жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмекті дамытудағы маңызды қадамдардың бірі.

«Аорта патологиясы жүрек-қан тамыр жүйесіндегі қауіпті аурулардың бірі болып саналады. Мамандандырылған орталық көмек көрсеткенге дейінгі уақытты мейлінше қысқартып, заманауи емдеу технологияларын енгізуге мүмкіндік береді», - деді Ермағанбет Қуатбаев.

Бір айта кетерлігі, соңғы жылдары орталықта жүрек алмастыру, қан айналымын механикалық сүйемелдеу жүйесін импланттау (LVAD), соғып тұрған жүрекке ота жасау технологиясы (Beating Heart), шағын инвазивті кардиохирургия (MICS) сынды технологиялар енгізілген.

Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының мәліметінше, бағасы қымбат кардиохирургиялық операциялар толығымен МӘМС арқылы жасалады. Сақтандыру енгізілгенге дейін, мысалы, 2019 жылы 5300 кардиохирургиялық операция жасалып, оған 7,6 млрд теңге төленген. Ал, 2025 жылы оңтүстік астана дәрігерлері жалпы құны 28,3 млрд теңгелік 11 мың 176 ота жасапты.

Орта есеппен алғанда, кардиологиялық манипуляциялардың құны 300 мың теңгеден басталады. Ең қымбатының бағасы 79 млн теңгеге жетіп жығылады. Ал, сақтандырылған азаматтар үшін медициналық көмек қосымша шығынсыз, сақтандыру аясында көрсетіледі.

Филиалдың Халықты ақпараттандыру бөлімі жетекшісі Шынар Әлжанова МӘМС-тің әлеуметтік маңызына да тоқталып өтті.

«Кардиохирургия – медицинадағы ең қымбат бағыттардың бірі. Сақтандыру жүйесінің арқасында алматылықтар заманауи күрделі оталарды жасатуға мүмкіндік алып отыр. Бүгінде тұрғындар Қормен кардиохирургия бағытында жұмыс істейтін 14 клиниканың бірін таңдай алады. Оның ішінде 9 жекеменшік клиника да бар», - деп атап өтті Шынар Әлжанова.