ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев пен облыс әкімі Нариман Төреғалиев Оралдағы жылу электр орталығында болды. Жуырда мұнда жапондық «Hitachi» компаниясының газ турбиналық қондырғысы күрделі жөндеуден соң іске қосылды.

Қуаты 28,5 МВт болатын газ турбиналық қондырғы осыдан 20 жыл бұрын орнатылған. 2019 жылы жоспарлы инспекциялық тексеріс жүргізілгенімен, техникалық жөндеу жұмыстары кестеден кешікті. Маңызды мәселе аймақ басшысының тікелей араласуымен оң шешілді. 2023 жылы батысқазақстандық делегация Жапония елінде болып, қос тарап қондырғының қосалқы бөлшектерін дайындау және жеткізу бойынша келісімшарт жасасты. Күрделі жөндеу жұмыстарын атыраулық компания жүзеге асырды. Осы жерде Үкімет басшысының кеңесшісіне инженерлік желілерді жаңартуға бағытталған, 2023-2025 жылдарды қамтитын өңірлік жол картасының орындалуы, биылғы жоспар, энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту, осы бағыттағы жеке инвестицияның үлес салмағы туралы жан-жақты баяндалды.

Одан әрі Е.Маржықпаев пен Н.Төреғалиев «Жайықжылуқуат» АҚ-ның материалдық-техникалық қамтамасыз ету қоймасында болып, құрылысқа қажетті материалдардың сапасын қадағалап, алдағы жұмыс барысын талқылады.

Күні бүгін Бәйтерек ауданы аумағында жерасты суы кен орнын қайта құру жүріп жатыр. Үкімет басшысының кеңесшісіне құны 12,4 млрд теңге жобаның жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Жоба толық орындалса, оралдықтар тіршілік нәрінен тапшылық көрмейді. Өйткені, аталған нысан 360 мың абонентті қамтуға қауқарлы. Е.Маржықпаевқа қала халқы үшін маңызы зор қос жобаның қаржы мәселесіне байланысты кестеден кешігуі ықтимал екені айтылды. Үкімет басшысының кеңесшісі мәселені уәкілетті органдарға жеткізуге, назарда ұстауға уәде берді.

Өңірде 3 жылда жалпы құны 13 млрд теңге болатын 12 жоба жүзеге асырылып, 6 мың шақырымға жуық тозған электр желілері жаңартылды. 2 жаңа қосалқы станса мен өндірістік жөндеу базасы салынды. Е.Маржықпаевқа 138 шақырым электр желілерін жаңғыртуға бағытталған үш кезеңнен тұратын жоба таныстырылды. Оның аясында «Зачаган-Переметный», «Переметный-Тасқала» және «Чапаев-Қабыршақты» бағыттарында 110 кВ әуе желісі тартылып, елді мекендер сапалы қызметпен қамтамасыз етіледі.