Todayinfo.kz
Степногорск қаласыБарлық жазбаларды қарау

Қарттарға қамқорлық: Степногорскіде жаңа әлеуметтік орталық ашылды

Бүгін Степногорск қаласының тұрғындары үшін ерекше күн. Аға буын өкілдеріне арналған жаңа әлеуметтік нысан – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Бұл орталық қаланың егде жастағы тұрғындарына арналған жаңа мүмкіндік алаңы болып табылады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық аг

Авторы Жаннұр Еділбаева··2 мин оқу
Қарттарға қамқорлық: Степногорскіде жаңа әлеуметтік орталық ашылды
Бүгін Степногорск қаласының тұрғындары үшін ерекше күн. Аға буын өкілдеріне арналған жаңа әлеуметтік нысан – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Бұл орталық қаланың егде жастағы тұрғындарына арналған жаңа мүмкіндік алаңы болып табылады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі. Іс-шараға қала әкімі Гайдар Қасенов, қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты. Өз сөзінде әкім жаңа орталықтың ашылуын қарт адамдардың өмір сапасын жақсарту, олардың қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасау бағытындағы маңызды қадам деп атап өтті.
«Қарттарымыз – елдің қазынасы. Олардың белсенді, мәнді өмір сүруіне жағдай жасау – біздің борышымыз. Бұл орталық зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізіп, жаңа достар тауып, өз әлеуетін іске асыруына мүмкіндік береді», – деді қала басшысы.
Салтанатты шара барысында қала өнерпаздары шағын концерттік бағдарлама ұсынып, көңілді атмосфера орнатты. Ән мен күйге толы концерт ардагерлердің жүздеріне күлкі үйіріп, қатысушылардың көңілін көтерді. Мерекелік іс-шарадан кейін қонақтар үшін орталықтың ішіне экскурсия ұйымдастырылды. Мұнда заманауи жабдықталған спорт залы, денсаулықты нығайтуға арналған фитнес және йога кабинеттері, шығармашылықпен айналысатындарға арналған қолөнер және сурет шеберханалары, сондай-ақ музыка мен би үйірмелері бар. Сонымен қатар, демалуға және еркін әңгімелесуге арналған жайлы демалыс бұрышы да қарастырылған. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы енді зейнеткерлер үшін өзара қолдау мен жаңа идеялар алмасатын алаң болмақ. Мұнда тұрақты түрде мәдени іс-шаралар, спорттық жарыстар, психологиялық және медициналық кеңес беру сабақтары өткізіледі. Орталықтың басты мақсаты – қарт адамдардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, жалғыздық сезімін азайту және салауатты өмір салтын насихаттау. Мұндай жобалар егде жастағы азаматтардың қоғамнан шет қалмай, өз өмірін мәнді өткізуіне ықпал етеді. Қалалықтар бұл бастаманы жылы қабылдап, мұндай орталықтар өңірдің басқа елді мекендерінде де ашылса деген тілек білдірді.

Ұқсас материалдар

Қарттарға қамқорлық: Степногорскіде жаңа әлеуметтік орталық ашылды · Todayinfo