Швейцариядағы кездесу: Болат Әбілов Горбачевтің 1986 жылғы оқиға туралы айтқан сөзін жеткізді
Белгілі кәсіпкер әрі қоғам қайраткері Болат Әбілов Желтоқсан оқиғасының жылдығы қарсаңында тарихи маңызы бар мәлімдеме жасады. Ол КСРО-ның экс-президенті Михаил Горбачевпен жеке кездесуінде естіген, бұрын-соңды айтылмаған деректі жария етті.
Шешімді кім қабылдады?
Желтоқсан оқиғасынан бері 39 жыл өтсе де, халық көкейіндегі «Алаңдағы жастарды басу үшін әскер кіргізуді кім сұрады?» деген сұрақ әлі күнге дейін маңызды. Ресми тарих оқулықтары мен түрлі дереккөздерде бұл шешімнің жауапкершілігі әртүрлі тұлғаларға жүктеліп келді.
Алайда, Болат Әбіловтің айтуынша, шындықтың ұшы басқада жатыр. Ол 2000 жылы Швейцарияда Михаил Горбачевпен кездейсоқ жүздесіп, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Алматыдағы қанды оқиға туралы тікелей сұрақ қойған.
Горбачевтің жауабы қандай болды?
Саясаткердің сөзінше, Кеңес Одағының сол кездегі басшысы жауапкершіліктен қашпаған, бірақ бастаманың кімнен шыққанын ашық айтқан.
«Горбачев маған: "Ол кезде қазіргідей бейнебайланыс жоқ. Жаңа барған Колбин жағдайды түсіндіре алмай әлек болды. Ал Назарбаев тынбай хабарласып, жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқанын, жергілікті милицияның күші жетпейтінін айтып, әскер кіргізуді талап етті. Біз мәжбүр болдық", – деп жауап берді», — деп жазды Әбілов.
Қайраткердің келтірген дерегіне сүйенсек, әскер кіргізу туралы өтініш тікелей жергілікті басшылықтан, атап айтқанда Колбин мен Назарбаевтан түскен.
«Тарих үнсіздікті кешірмейді»
Болат Әбілов өз жазбасында 1986 жылғы оқиғаға әлі күнге дейін толық саяси және тарихи баға берілмегеніне қынжылды. Оның пайымдауынша, жаңа тарихты түсінбейінше және өткен күннің ащы шындығымен бетпе-бет келмейінше, болашақты болжау қиын.
«Желтоқсан оқиғасы – КСРО іргетасынан суырылған алғашқы тас болды. Бұл тек билікке талас емес, халықтың ішкі еркіндікке деген ұмтылысы еді», — деп түйіндеді сөзін саясаткер.




