Степногорск қаласында егде жастағы азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік нысан – «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Жаңа орталықтың мақсаты – аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, денсаулығын нығайту және қоғам өміріне белсенді қатысуы
Степногорск қаласында егде жастағы азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік нысан – «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Жаңа орталықтың мақсаты – аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, денсаулығын нығайту және қоғам өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік жасау, деп хабарлайды
Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Қарияларға жайлы орта
Орталық қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қолдауымен жұмыс істейді. Мұнда зейнеткерлер мен егде жастағы тұрғындарға арналған түрлі бағыттағы үйірмелер мен сабақтар ұйымдастырылған.
Қазіргі таңда орталықта йога, фитнес, нейрожаттығу, би, вокал, қолөнер, сурет және тігін сияқты үйірмелер тұрақты түрде өткізіледі. Сондай-ақ келушілер үшін шахмат, үстел теннисі, жаттығу залы және жайлы демалыс аймақтары бар.
Мекеменің негізгі міндеті – егде жастағы азаматтардың белсенді өмір салтын қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және жалғыздықтан құтқару.
«Бұл жер менің екінші үйіме айналды»
Орталыққа күн сайын ондаған тұрғын келеді. Солардың бірі – 76 жастағы Ольга Василенко. Ол бұл жерге алғашқы күннен бастап қатынайды.
«Мұнда бәрі ыңғайлы. Біз йогамен, фитнеспен, қолөнермен, мүсіндеумен айналысамыз. Бұл тек спорт емес, түрлі бағыттағы шығармашылық. Біз танысамыз, әңгімелесеміз, көңіл-күйімізді көтереміз. Мұнда алатын әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын», - дейді ол.
Оның айтуынша, орталық тек уақыт өткізу орны емес, сонымен қатар жанына рухани демеу алатын жер.
«Мен жалғыз тұрамын, ал бұл орталық менің екінші үйім секілді. Мұнда мейірімді адамдар көп, өмірге деген қызығушылығым қайта оянды», -дейді зейнеткер.
Тағы бір қатысушы орталықтың ашылуын өз өміріндегі үлкен сый ретінде қабылдағанын айтады.
«Бұрын барлық уақытым жұмысым мен отбасыма кететін. Енді өзіме көңіл бөлуге мүмкіндік туды. Біз ән айтамыз, би билейміз, сурет саламыз. Әркім өз жүрек қалауына сай іс табады. Мысалы, бүгін ескі қаланың пейзажын бейнеледік», – дейді ол.
Белсенділік - ұзақ ғұмыр кепілі
«Белсенді ұзақ өмір» орталығында физикалық және шығармашылық сабақтармен қатар, психологиялық, медициналық және әлеуметтік тақырыптар бойынша семинарлар мен кездесулер ұйымдастырылып отырады. Мамандар егде жастағы адамдарға қажетті ақпараттық және кеңестік қолдау көрсетеді.
Бүгінде орталыққа 500-ге жуық адам тіркелген, олардың көпшілігі тұрақты түрде келіп тұрады. Әр қатысушы өз тәжірибесі арқылы өмірдің кез келген кезеңінде жаңа нәрсе үйренуге болатынын дәлелдеп жүр.
Орталықта мерекелік іс-шаралар, концерттер мен шығармашылық көрмелер өткізу дәстүрге айналған. Бұл іс-шаралар қариялардың қоғаммен байланысын арттырып, олардың әлеуметтік белсенділігін сақтауға ықпал етеді.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өкілдерінің айтуынша, мұндай орталықтар аға буынның әлеуетін арттырып, қоғам өміріндегі белсенділігін сақтауға зор мүмкіндік береді.
«Біздің мақсатымыз – егде жастағы азаматтардың өмірге деген қызығушылығын жоғалтпай, өздерін қоғамның маңызды бөлігі ретінде сезінуіне жағдай жасау. Әрбір қатысушының өмір сапасы жақсарғанын көру – біз үшін ең үлкен жетістік», – дейді орталық қызметкерлері.
Аға буынға жаңа тыныс берген жоба
Қамқорлық пен көңіл бөлудің арқасында «Белсенді ұзақ өмір» орталығында әр күн қуанышқа, шығармашылыққа толы. Бұл жоба – мемлекеттің егде жастағы азаматтарға қамқорлығының нақты көрінісі және «белсенді қартаю» саясатының өңірдегі сәтті үлгісі болып отыр.