Әлеуметтік желілер мен медиа алаңдарда Magnum-ның жеткізу қызметіне қатысты даудың қызуы әлі баслыған жоқ. Тіптен танымал сауда орталықтарының қаңырап бос тұрғаны туралы да видоалар өріп жүр. Қазақ тіліне қатысты немқұрайлылық халық наразылығын тудырып, көп ұзамай бұл жағда
Әлеуметтік желілер мен медиа алаңдарда Magnum-ның жеткізу қызметіне қатысты даудың қызуы әлі баслыған жоқ. Тіптен танымал сауда орталықтарының қаңырап бос тұрғаны туралы да видоалар өріп жүр. Қазақ тіліне қатысты немқұрайлылық халық наразылығын тудырып, көп ұзамай бұл жағдай тек желідегі реакция ғана емес, қоғамдық резонансқа айналды. Әлеуметтік желі қолданушылары бойкот жариялауға, кәсіпкерлік құрылымдардан түсініктеме талап етуге шақырды, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Бұл – жекелеген қызметкердің кемшілігі ме әлде бизнес құрылымдардағы тілге деген салғырттық па? Тілге қатысты бұл дау мемлекеттік саясат, тұтынушы құқығы мен бизнес жауапкершілігі секілді бірнеше өзекті саланы қозғап отыр.
ДАУДЫҢ БАСЫ - ҚЫРСЫҚ МҰҒАЛІМНІҢ АРЫЗЫ
Асылхан есімді тұтынушы Magnum сауда желісі арқылы азық-түлікке тапсырыс бергенін, оны жеткізген курьердің өзінен қазақша сөйлеуді талап еткенін айтады. Осыдан кейін ол наразылығын білдіріп пост жазған.

Мұны көрген компания басшылығы қызметкерді жұмыстан қуып жіберген.
ҚОҒАМНЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫН КҮШЕЙТТІ
Бұл жағдай тек бір оқиға емес, соңғы жылдары жиілеген тенденцияның жалғасы. Әлеуметтік желі қолданушылары тұтынушы ретінде өз құқықтарын белсенді қорғап, тілдік кемсітушілікке бей-жай қарамайтынын көрсетті. Белсенділер, қоғам қайраткерлері мен блогерлер бұл жағдайды тек Magnum-ге ғана емес, өзге де ірі сауда желілеріне бағытталған ескерту ретінде қабылдады.
Осыдан кейін Facebook-те резонанс басталды. Руслан Түсіпбеков есімді белсенді жағдайды мемлекеттік тілге жасалған қастандық деп айыптады.
«Бір қазақ екінші қазақты "қазақша сөйле" деп ренжітті. Соңғысы жұмыстан қуылды. Біріншісі өкінетін сияқты, бірақ Magnum компаниясының логистикалық директорының өзі хабарласып, мәселені шешкеніне өте қуанышты. Мысалы, Ресейдегі жағдайды елестетіп көріңізші. Ресейде орыс тілінде сөйлеуді сұраған курьерді жұмыстан шығару – қоғамда үлкен резонанс туғызар еді. Бұл жағдайда Ресейде, ресми тіл — орыс тілі болғандықтан, қызметкерлердің ресми тілде сөйлесуге құқығы бар деп саналады. Мемлекеттік тілде сөйлесуді талап еткен қызметкерді еш жерде жұмыстан шығаруға жол берілмейді. Бізге оңай! Осыдан кейін бізді кім сыйлайды?», - деп жазды Руслан Түсіпбеков.
ЗАҢДЫ БҰРМАЛАУ
Бұл постқа жауап берген Magnum өкілі жағдайдың заңнама аясында реттелгенін атаған. Алайда компания өкілі Орыс тілін қолдану бойынша 5-бапқа «ұйымдарда» деген өзгерту енгізіп жауап берген.
«Біз өз жұмысымызда Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа аламыз. Мемлекетіміздің Конституциясына сәйкес: «Мемлекеттік ұйымдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және ұйымдарда орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады». Біз адамдарды ұлтына қарай бөлмейміз және барлық сатып алушыларымызға бірдей қамқорлық жасаймыз. Біз жұмыс барысында сатып алушыларды тәрбиелемеуіміз және оларға мәдени немесе басқа да дүниетанымдық талаптар қоймауымыз керек. Сондықтан біз қызметкерімізді сөйлесу тілі үшін емес, сатып алушымен қарым-қатынас жасау мәнері, жұмыс орнындағы лауазымды асыра сілтеп пайдаланғаны үшін жұмыстан босаттық», - дейді компания өкілі.

Алайда бұл жауап қоғам белсенділері мен бірқатар журналистердің сынына ұшырады. Олар компанияның заңды бұрмалап түсіндіріп отырғанын айтып, «ұйым» ұғымы заңнамада көрсетілмегендігін және жеке бизнес нысандарын ақтай алмайтынын алға тартты.
«Магнумдықтар жалған тіркес қосып алыпты. Яғни ешбір сауда дүкеніне біздің Заң орысша сауда жасауға рұқсат бермейді. Оны қолдануға басқа актілері рұқсат етеді. Өзін қорғау үшін өтірік қосқаны бұл мекемені мүлдем мүсәпір ете түседі», - деп сынады белгілі журналист Серік Әбікенұлы.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиғаға байланысты мемлекеттік органдар әзірге ешқандай ресми мәлімдеме жасамағанын айта кету керек.
ҚАЗАҚ ТІЛІ БИЗНЕС ОРТАДА
Сарапшылардың пікірінше, қазақ тілін елемеу – тек тілдік емес, стратегиялық қате. Бұл клиентпен байланысты әлсіретеді, қоғам тарапынан сынға ұшыратады, кей жағдайда қаржылық шығынға да апарады.
Коммуникация жөніндегі сарапшы Айбар Олжаев қазақ тілінің бизнес ортадағы орнын өзгерту процесінің тек заңдық талап қана емес, сонымен қатар заманауи бизнестің маңызды аспектісіне айналғанын атап өтті. Оның пікірінше, қазақ тілінің сұранысы айтарлықтай артып келе жатқандықтан, алдағы 1-2 жылда көптеген компаниялар өз қызметін қазақ тілінде ұсынуға бейімделуге тиіс. Бұл процесс қазақтілді тұтынушылардың белсенділігін ескере отырып, бизнес үшін жаңа талаптарды қалыптастырады. Алайда, әлі де көптеген компаниялар ескі психологиямен жұмыс істеп, тілдік кемсітушілікті елемейді. Мұндай жағдайлар әлі де даулар мен түсініспеушіліктерге әкелуі мүмкін.
“Қазақ тілінің бизнес ортадағы рөлі қазір коммуникациялық рөлге ие, яғни “тұрмыстық коммуникациялық” рөл деп аталады. Көптеген тұтынушылар қазақ тілінде қызмет алады, және соған сәйкес компаниялар қазақ тілінде қызмет көрсетуі тиіс. Мемлекеттік заңдылықтардан бұрын, бизнес заңдылығы басым. Дәл осы кезде елімізде белгілі бір трансформациялық кезең басталды. Бұл кезең 2-3 жылға созылады деп ойлаймын. Бизнес қазақтілді аудиторияның талабын бұған дейін көрмеген, басына түспеген. Енді ғана талапты көріп отыр. Бизнес өз жұмысын қазақ тілінде жүзеге асыруға бейімделуге тиіс. Алдағы 1-2 жылда қай тілге сұраныс бар, сол тілге ауысады. Бұл жерде әңгіме қазақ тілі туралы. Егер қазақ тілін талап етсе, міндетті түрде қазақша қызмет көрсетілуі тиіс. Қазір осы жолда түсініспеушіліктер болып жатыр. Адамдардың ескі психологиясы, әсіресе тұтынушылармен жұмыс істейтін бизнестің, оның ішінде шағын бизнестің психологиясы енді ғана қалыптасып келеді. Сондықтан бұл жерде әлі де даулар, жанжалдар мен түсініспеушіліктер болуы мүмкін, бірақ 1-2 жылдан кейін жағдай орнына келеді. Бұл үрдіс 3 жыл бұрын, пандемия кезінде басталған, әсіресе 2022 жылы күшейді. Енді 2020-2027 жылдар аралығында жүріп өтеді деп ойлаймын. 2027 жылдан кейін бұл мәселе толығымен шешіледі. Барлығы өз шешімін тауып, бизнес қазақ тіліне өтіп, клиенттердің тілдік сұранысын толық қанағаттандырады”, - дейді сарапшы Juzmedia-ға берген сұқбатында.
Қоғамдық пікір мен тұтынушылардың ықпалы бизнес үшін өте маңызды екенін айтқан Айбар Олжаев қазақ тілін қажетсіз деп санайтын кей компаниялардың әлеуметтік қысым мен бойкоттың нәтижесінде беделінің айтарлықтай төмендегенін атап өтті.