8–10 мамыр аралығында Алматы қаласында қазақтың даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 155 жылдығына арналған ауқымды халықаралық күрес турнирі өтеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Жарыс Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ұйымдастырылып, оған 10 елден 700-ден астам спортшы қатысады.
Алматыдағы кілемге Қазақстан, АҚШ, Ресей, Моңғолия, Италия, Қытай, Грузия, Қырғызстан, Беларусь және Өзбекстан балуандары шығады. Халықаралық құрамның кеңдігі турнирдің мәртебесін арттырып, тартысты әрі қызықты белдесулерге жол ашады.
Алда өтетін дода туралы Алматы қаласының грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясының вице-президенті Данияр Охапов пікір білдірді.
- «Ардагер Аланы» атауымен өтетін бұл турнир дәстүрлі түрде ардагерлерге арналғанымен, биыл оның бағдарламасы айтарлықтай кеңейтілді. 35 пен 70 жас аралығындағы алты ардагерлік дивизионнан бөлек, 18–34 жас аралығындағы спортшылар да белдеседі, - деді ол.
Оның айтуынша, турнирдің әлеуметтік маңызы зор.
- Бұл - түрлі себептермен үлкен спортта өз мүмкіндігін толық пайдалана алмаған жандарға берілген мүмкіндік. Яғни, Қазақстан чемпионаттарына іріктеуден өтпеген, кеш бастаған немесе мансабын аяқтағанымен, күреске деген құлшынысын жоғалтпаған спортшылар үшін «Ардагер Аланы» - өзін көрсету алаңы. Осы орайда турнирдің идеялық жетекшісі әрі меценат Ерлан Малаевқа күресті және ардагерлер қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіремін. Оның жанашырлығы мен кәсібилігі олимпиадалық күрес түрлерін дамытуға зор ықпал етуде, - деді Данияр Охапов.
Сондай-ақ ол мұндай бастамалардың үлкен жетістіктерге бастайтынын атап өтті.
- Біздің мақсат - осы спортшыларға жағдай жасап, олардың кейбірі болашақта ең биік белестерге, тіпті Олимпиада шыңына жетуіне мүмкіндік беру.
Жарақаттар мен өмірлік қиындықтарға қарамастан, олардың спортқа деген адалдығы құрметке лайық.
Турнирді ұйымдастыру Ерлан Малаев, Алматы қалалық күрес федерациясының басшысы Омар Әлиев және Алматы қаласының спорт басқармасының бірлескен еңбегінің арқасында жүзеге асып отыр.
Жарыс аясында тарихи мұраға да ерекше көңіл бөлінеді. Көрермендер үшін Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі мен жетістіктеріне арналған арнайы көрме ұйымдастырылады. Онда ХХ ғасыр басындағы ірі халықаралық жарыстарда жеңіп алған ордендері мен медальдары және басқа да құнды жәдігерлері ұсынылады.
Экспонаттардың бір бөлігі Түркістан облысындағы палуанның туған жерінен әкелінеді. 2001 жылы ашылған музей қорындағы тұрмыстық бұйымдар, белбеулер мен марапаттар келушілерге ұсынылады.
Қажымұқанның 155 жылдық мерейтойы - бұл турнирді өткізудің басты себептерінің бірі. «Ардагер Аланы» жарысы әр буын балуандарын біріктіріп, қазақ спортының ұлы тұлғасының мұрасын тағы бір мәрте дәріптеуге мүмкіндік береді, - деп қорытындылады Данияр Охапов.




