Оңтүстік Кореяның Чхунджу қаласында академиялық ескек есу бойынша Азия Кубогінің финалдық жарыстары аяқталды. Ірі додаға әлемнің 15 елінен 383 спортшы қатысты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Қазақстан құрамасы жоғары шеберлік танытып, қоржынға алты медаль салды. Ең үздік нәтижені Иван Чернухин мен Владислав Яковлев көрсетіп, ерлер арасындағы парлы қос есуде алтын алды. Олар Алексей Красновский мен Владислав Галкинмен бірге ерлер төрттік есуінде де жеңіске жетіп, екінші алтынды қоржынға салды.
Жеңіл салмақтағы спортшылар да жоғары деңгей көрсетті. Бауыржан Сұлтанов пен Александр Афанасьев дуэті, Мария Чернец пен Екатерина Носкова әйелдер жұбы, сондай-ақ Артем Матусевич жеке есуде күміс жүлдегер атанды. Жалғыз қола медальді әйелдер арасындағы жеке есуде Роза Кеңес жеңіп алды.
Төртінші орындарға Бапан Асханбек, Анастасия Кулинич, ерлер парлы төрттік және әйелдер төрттік есуі ие болды. Қорытынды рейтингте Қазақстан төртінші орынға тұрақтады. Турнир жеңімпазы – бес алтын алған Гонконг командасы, екінші және үшінші орындарды Вьетнам мен Оңтүстік Корея ескекшілері бөлісті.




