Израильдің әуе соққысынан «Хезболла» фракциясының жетекшісі Мұхаммед Раад қаза тапты. Бұған жауап ретінде ұйым Израильге ресми түрде соғыс жариялап, жаппай шабуыл бастады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Саудиялық Al Arabia және Al Hadath телеарналарының мәліметінше, Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ливан астанасы Бейруттің оңтүстігіне әуеден соққы жасаған. Дәл осы шабуыл кезінде «Хезболланың» ықпалды жетекшілерінің бірі Мұхаммед Раадтың көзі жойылды. Бұған дейін Израиль тарапы жоғары лауазымды тұлғаның өлтірілгенін растағанымен, оның аты-жөнін нақтыламаған еді. Сол түні жасалған соққылардан кемінде 10 адам мерт болғаны хабарланды.
Бұл оқиғадан кейін «Хезболла» ұйымы кідірместен Израильге соғыс ашқанын жариялады. Ұйым Хайфа қаласының оңтүстігінде орналасқан әскери базаға зымырандар мен дрондар тобын ұшырғанын мәлімдеді.
«Бұл шабуыл – аятолла Әли Хаменеидің өлімі үшін алынған кек», – деп мәлімдеді ұйым өкілдері.
Израиль қорғаныс армиясы зымырандардың Ливанның оңтүстігінен атылғанын растап, көп ұзамай жауап ретінде Ливан аумағына жаппай әуе соққыларын бастады. Негізгі нысаналар Бейруттің оңтүстік аудандары, Ливанның оңтүстігіндегі стратегиялық нысандар, инфрақұрылым және «Хезболланың» жоғары лауазымды өкілдері болды.
Фото: Әлеуметтік желіден




