Тергеу барысында «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығы қаржы ұйымдарының сұраныстарын өңдеуге қажетті ақпараттық қызметтер көрсету кезінде өз іскерлік мүдделерін заңсыз жолмен жүзеге асыру мақсатында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшылығына жүйелі түрде пара бергені анықталды.
2025 жылғы 28 маусымда жедел-іздестіру шаралары аясында Алматы қаласының құқық қорғау органдары пара беру кезінде келесі азаматтарды ұстады:
- Ринат Омаров – «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС бас директоры;
- Алмаз Сарбасов – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы, бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі болған;
- Дәулет Арғандыков – аталған орталықтың бұрынғы басшысы, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметін атқарған.
Күдіктілерден тінту кезінде 370 мың АҚШ доллары және 4,5 млн теңге тәркіленді.
Сот шешімі бойынша 2 айға қамауға алынды
2025 жылғы 30 маусымда соттың санкциясымен аталған үш тұлғаға қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу амалдары жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.




