Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) жаңа бас хатшысы болып Англия Премьер-лигасында тәжірибесі мол маман Скотт Энтони Мунн тағайындалды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
2026 жылғы 27 сәуірде ҚФФ Атқару комитеті австралиялық маман Скотт Энтони Муннды Бас хатшы лауазымына бекітті. Оның өкілеттік мерзімі 2030 жылғы 12 шілдеге дейін созылады. Мунн жаңа қызметіне 2026 жылғы 13 шілдеде кіріседі.
Муннның еңбек жолында Англияның «Тоттенхэм Хотспур» клубында футбол директоры болып жұмыс істеген кезеңі ерекше орын алады. 2023-2025 жылдары «шпорлар» осы маманның қатысуымен 40 жылдық үзілістен кейін Еуропа лигасын жеңіп алды. Бұған дейін ол Қытайдағы City Football Group компаниясының бас директоры және «Сычуань Цзюньню» футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.
«Қазақстан футбол федерациясы дамудың шешуші кезеңінде тұр: біз еліміздегі футболдың болашағын айқындайтын іргетас қалап жатырмыз. Жоғары нәтижелерге жету үшін тәжірибесі мен тәртібі бар адамдар қажет. Скотт Мунн қазақстандық футболды дамытуға тікелей жұмыс істейтін баға жетпес практикалық тәжірибе әкеледі», — деді ҚФФ президенті Марат Омаров.
ҚФФ баспасөз қызметінің мәліметінше, Муннның алдында төрелік жүйесін реформалау, академиялар мен инфрақұрылымды дамыту, клубтарды басқару және лицензиялау стандарттарын көтеру, тұрақты коммерциялық және медиа база қалыптастыру, сондай-ақ УЕФА және ФИФА-мен ынтымақтастықты тереңдету міндеттері тұр.




