Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен АҚШ президенті Дональд Трампты Еуропалық Одақпен жасалған сауда келісімін орындауға шақырды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Бұл мәлімдеме Трамптың еуропалық көліктерге баж салығын арттыру қаупінен кейін жасалды.
Фон дер Ляйен келісімнің орындалуы қажеттігін баса айтып, «келісім – келісім» екенін жеткізді. Ол Еуроодақтың барлық ықтимал сценарийлерге дайын екенін де қосты.
Бұған дейін, мамырдың 1-інде Трамп Еуроодақтан келетін жеңіл және жүк көліктеріне баж салығын қазіргі 15 пайыздан 25 пайызға дейін көтеру ниетін жариялаған болатын. Бұл шешім ең алдымен неміс автоөндірушілеріне қатты әсер етеді.
Өткен жылдың тамыз айында Трамп баж салығын 15 пайыз деңгейінде шектеуге міндеттенген еді. Енді ол Еуроодақты келісімнің өз бөлігін, атап айтқанда, америкалық өнеркәсіп тауарларына еуропалық баж салықтарын алып тастау бөлігін орындамады деп айыптап отыр.
Бұл мәселе әлі де Еуропарламент пен Еуроодақ Кеңесі арасындағы келіссөздер сатысында. Фон дер Ляйен «демократиялық рәсімдерді» құрметтеуге шақырып, Еуроодақтың келіссөздердің «соңғы сатысында» екенін еске салды.
Мамырдың 6-сына Еуроодақ ішінде келіссөздердің кезекті раунды жоспарланған. Келісімге қол жеткізіле ме, жоқ па, әзірге белгісіз. Еуропалық баж салықтарын толық алып тастауды басқа мәселелермен байланыстыру мүмкіндігі де талқылануда.




