Todayinfo.kz
Өзгекті жазбаларБарлық жазбаларды қарау

Дауыл алдындағы стратегия: Жаңа әлемдік тәртіпте Қазақстан қандай бағыт ұстануы керек?

АҚШ-тың жаңа доктринасы бойынша әлемдік тепе-теңдік түбегейлі өзгеріп жатыр. Егер Вашингтон Еуропалық Одақты бәсекелес ретінде әлсіретіп, Ресейді Еуропаға қарсы "соққы құралы" ретінде пайдалануды, ал Украинаны "құрбандыққа шалуды" көздесе, бұл Еуразия құрлығының қақ ортасындағы Қ

Авторы Мейіржан Әуелханұлы··4 мин оқу
Дауыл алдындағы стратегия: Жаңа әлемдік тәртіпте Қазақстан қандай бағыт ұстануы керек?

АҚШ-тың жаңа доктринасы бойынша әлемдік тепе-теңдік түбегейлі өзгеріп жатыр. Егер Вашингтон Еуропалық Одақты бәсекелес ретінде әлсіретіп, Ресейді Еуропаға қарсы "соққы құралы" ретінде пайдалануды, ал Украинаны "құрбандыққа шалуды" көздесе, бұл Еуразия құрлығының қақ ортасындағы Қазақстан үшін өте қауіпті сигнал. "Алыптар айқасы" енді тек әскери емес, экономикалық және идеологиялық сипат алды. Осындай алмағайып заманда Ақорда қандай позиция ұстануы керек? Todayinfo сараптама жасап, саясаттанушыға осы сұрақты қойып көрді.

Жаһандық "ремонт": Америка өзі құрған жүйені өзі бұзып жатыр ма?

АҚШ-тың жаңа стратегиясы мен әлемдік аренадағы болып жатқан өзгерістерге қатысты саясаттанушы Жанат Момынқұлов жағдайға былайша баға береді:

«АҚШ-тың жаңа доктринасы әлемдік тәртіптің қайта түзілетінін анық көрсетеді. Вашингтон енді жаһандық қауіпсіздіктің басты тірегі ретіндегі бұрынғы рөлінен бас тартатын сияқты. Әсіресе Еуропаның қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілікті алудан бас тартуы — Трамптың маңайындағы элитаның стратегиялық "жаңалықтарының" бірегейі болмақ. АҚШ өз назарын алдымен Америка құрлығына аударып, өзінің ішкі және аймақтық басымдықтарын күшейтуге ниетті. Қысқасы, бұл Америка 2-ші дүниежүзілік соғыстан кейін өзі құрған халықаралық жүйені өзі қиратып, қайта құруын білдіреді».

Сарапшының пікірінше, бұл НАТО-дан толық қол үзу дегенді білдірмейді, бірақ Вашингтон енді Еуропаға бұрынғыдай ресурс шашпайды.

«АҚШ-тың қазіргі мақсаты – Еуропаны толықтай тастап кету емес, бірақ оған бұрынғыдай қаржы, қолдау, ресурстар мен саяси назар бөлу міндетінен бас тарту арқылы күш-жігерін Қытаймен бәсекеге жұмсау. Украина-Ресей қақтығысы – осы үлкен геосаяси өзгерістердің бел омыртқасы. АҚШ Украинаға қатысты «құрбандық» сценарийін мақсат етпейді. Украина нақты жеңілмейді, бірақ болашағы үшін "төбелесте таяқ жегендей" сыңай танытады. Кремльге ішкі ресейлік аудиторияға сата алатын "символдық жеңіс" қажет болса, Трамп үшін бұл келісім – "қақтығысты бейбіт жолмен тоқтатуға қабілетті лидер" деген образды күшейтеді», — дейді Ж. Момынқұлов.

Осы геосаяси шындыққа бейімделген Қазақстанның стратегиялық бағыттары мен Ақорданың ұстануы мүмкін жолын төмендегідей жіктеуге болады.

1. Қауіптер картасы: Біз неден сақтануымыз керек?

Берілген сценарий бойынша (АҚШ пен Қытай текетіресі, Ресейдің "қолбала" агрессорға айналуы) Қазақстанға төнетін негізгі қауіптер:

Транзиттік тығырық: Егер АҚШ Қытайдың Еуропаға апаратын сауда жолдарын (Жібек жолы) бұзғысы келсе, Қазақстан арқылы өтетін "Орта дәліз" (Middle Corridor) үлкен қысымға немесе диверсияға ұшырауы мүмкін.

Екінші Украина сценарийі: Ресей Еуропаға бағытталған "таран" болғанымен, егер Батыстағы жорығы сәтсіз болса немесе ресурстық база қажет болса, империялық амбициясын Орталық Азияға бұру қаупі әлі де сейілген жоқ.

Идеологиялық қысым: "Әлеуметтік мемлекетті" жою және "жабайы нарықты" енгізу тенденциясы Қазақстанның ішкі тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін.

2. Қазақстанның ұстанымы: "Белсенді Бейтараптық" және "Прагматикалық Еуразияшылдық"

Әлемдегі ірі геосаяси өзгерістер аймақтану процесін жылдамдатып, жаһандық саясатты блоктарға бөлу қаупін арттырды. Бұл ретте саясаттанушы Жанат Момынқұлов аймақтағы жаңа мүмкіндіктерді де атап өтеді:

«Соғыс басталғалы соңғы жылдары Ресейдің Орталық Азия мен Кавказдағы ықпалының біршама әлсіреуі аймаққа жаңа тыныс әкелді. Мәскеудің саяси, экономикалық және ақпараттық тұрғыдан бұрынғыдай үстемдік ете алмауы – Орталық Азия мемлекеттеріне сыртқы саясатты әртараптандыруға нақты мүмкіндік берді. 2022-2025 жылдарда Ақорда жүргізген белсенді халықаралық дипломатия – дәл осы күрделі кезеңге алдын ала дайындықтың бір бөлігі болды деп ойлаймын».

Осы орайда, Қазақстан келесі қадамдарға назар аударуы тиіс:

Дипломатия: Ешкімнің қолшоқпары болмау Қазақстан АҚШ пен Еуропаның, не болмаса Ресей мен Батыстың арасындағы қақтығыста ешбір тараптың жағына шықпауы тиіс. Біз үшін АҚШ – технологиялық серіктес, Еуропа – негізгі инвестор, Ресей – көрші, Қытай – экономикалық алып. БҰҰ жарғысын және аумақтық тұтастықты қорғау принциптерінен танбау қажет. Бірақ, санкциялық соғыста Қазақстан өз экономикасын құрбан етпеуі керек.

Логистика – Қалқан ретінде Егер Ресей мен Еуропа шекарасы "отқа оранса", Қытай тауарлары үшін жалғыз қауіпсіз жол – Қазақстан арқылы өтетін Транскаспий бағдары болып қалады. Бұл жол біздің қауіпсіздік кепілдігіміз. Сондықтан инфрақұрылымды барынша дамыту – ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Орталық Азия – Біртұтас субъект Жеке дара Қазақстан – алыптар үшін "жем". Ал біртұтас Орталық Азия (C5) – санасуға тұрарлық күш.

3. Мемлекет басшысына ұсыныстар

Жоғарыдағы талдауды ескере отырып, келесі тезистерді негізгі бағдар ретінде қарастыруға болады:

"Қазақстандық Қорғаныс" доктринасын жаңғырту: Ресейдің "әскери таран" ретінде күшеюі біздің армиямыздың дайындығын тексеруді талап етеді. Дрон өндірісі, әуе қорғанысы және киберқауіпсіздікке басымдық беру. Бірақ мұны "Ресейге қарсы" деп емес, "Терроризмге және гибридті қауіптерге қарсы" дайындық деп жариялау.

Экономикалық егемендік және Әлеуметтік қорғау: Неолибералдар "әлеуметтік мемлекетті" құртқысы келсе, Қазақстан керісінше әрекет етуі керек. Халықтың әл-ауқатын көтеру – ішкі тұрақтылықтың кепілі.

Қытаймен "Қауіпсіздік белдеуін" құру: Тоқаев мырза Қытай басшылығымен тек экономикалық емес, аймақтық қауіпсіздік кепілдіктері туралы жаңа келісімдер жасасуы керек.

Еуропамен жаңа диалог: Еуропаға "Біз сіздердің энергия және сирек металдар бойынша сенімді серіктесіңізбіз, бірақ біздің егемендігімізге қолдау көрсетіңіздер" деген нақты месседж жолдау қажет.

Еуразияның "Тыныш айлағы"

Бүгінгі таңда әлемдік гегемон (АҚШ) өз одақтастарын (Еуропа) "жеп", қарсыластарын (Ресей) бір-біріне айдап салып жатқанда, Қазақстанның алдында бір ғана мақсат тұр – аман қалу және күшею.

Саясаттанушы Ж. Момынқұлов айтқандай: «Бүгінгі жағдайда Қазақстан бір ғана күш орталығына, әсіресе Ресейге бұрынғыдай толық сенім арта алмайтыны анық. Жаңадан туындап келе жатқан көпполярлы әлемде көпқатпарлы балансты, күрделі әрі прагматикалық саясат жүргізу – Қазақстанның ұлттық мүддесін сақтаудың жалғыз жолы болмақ».

Тоқаев мырзаның дипломатиялық тәжірибесі бұл жерде шешуші рөл атқарады: "Қазақстан – дос болуға дайын, бірақ бағынуға емес".

М. Әуелханұлы, журналист

Ұқсас материалдар