Қазіргі әлем көз алдымызда өзгеріп жатыр. Финляндия президенті Александр Стубб Foreign Affairs басылымына жариялаған "Батыстың соңғы мүмкіндігі" атты мақаласында осындай салмақты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан, ортақ ережелер мен құндылықтарға негізделген әлемдік тәртіп күйреу алдында тұр.
Бұл жай ғана саяси болжам емес. Егер Батыс елдері шұғыл әрекет етпесе, әлем "тек күштілер ғана өмір сүретін" қатыгез кезеңге өтуі мүмкін. Мұндай жағдайда агрессия жазасыз қалып, мемлекеттік шекаралардың маңызы жойылады.
Стуббтың пікірінше, ескі жүйе соғыстардың, авторитарлық режимдердің және ұлы державалар арасындағы бәсекелестіктің қысымына шыдай алмай жатыр.
"Орта державалардың" дәуірі және Қазақстан
Мақалада айтылған тағы бір маңызды жайт – жаңа ойыншылардың пайда болуы. Бұрын әлемдік саясатты тек ірі державалар шешсе, қазір Үндістан, Бразилия, Түркия және Сауд Арабиясы сияқты "орта державалар" (middle powers) мен Жаһандық Оңтүстік елдерінің ықпалы артып келеді.
Бұл контекст Қазақстан үшін де өте маңызды. Біздің еліміз де халықаралық аренада "орта держава" рөлін атқарып, көпвекторлы саясат ұстанады. Стуббтың айтуынша, бұл елдер енді Батыс орнатқан ескі ережелермен жүргісі келмейді. Олар өз мүдделерін қорғайтын жаңа альянстар құруда. БҰҰ, Еуропалық Одақ және ДСҰ сияқты институттар дағдарыстарды шешуге қауқарсыз болып қалды.
"Күштінің құқығы" заңға айнала ма?
Егер ескі жүйе толығымен құласа, орнына не келеді? Автордың болжамы көңіл көншітпейді. Халықаралық құқық жұмыс істемеген жерде, "кім күшті – сол дұрыс" қағидасы орнайды.
Бұл – Украина сияқты егемендігін қорғап жатқан елдер үшін ғана емес, аумақтық тұтастығы маңызды кез келген мемлекет үшін үлкен қауіп. Ресейдің көршілеріне басып кіруі немесе Қытайдың шекараларды қайта қарауы қалыпты жағдайға айналуы мүмкін.
Александр Стубб Батыс елдеріне нақты ұсыныс тастады:
-
Ескі әлемді қайтаруға тырысудың қажеті жоқ;
-
Оның орнына жаңа, инклюзивті жүйе құру керек;
-
Шешім қабылдау процесіне жаңа дамып келе жатқан елдерді тарту қажет.
Бұл – Батыс үшін соңғы мүмкіндік. Егер олар қазір бірігіп, көшбасшылық танытпаса, әлемдік тәртіпті авторитарлық режимдер өз қалауынша қайта жазып шығады.




