Өткен наурызда Сарыағаштағы медресенің бас ұстазы Әбдужаппар Смановтың балаларға бұтын уқалатқан видеосы желіде тарап, жұрттың ашуына тиген еді. Кейін молда балалардың өз немерелері екенін айтып ақталған болды. Алайда журналист Ораз Әлімбек жасөспірімдер имамның немересі болған күннің өзінде бұл оқиғада бірнеше заңбұзушылық бар екенін айтады, деп хабарлайды Todayinfo.
«Сарыағаштағы медресе шәкірттерінің алдында төрт балаға бұт-аяғын уқалатып отырып уағыз айтқан Әбдіжаппар Смановтың қылығын Түркістан облыстық Дін істері басқармасы ақтап-жақтап қоятын емес. Оның бұт-аяғын уқалаған балалар немерелері-мыс. Бұл жерде заңға қайшы, атап айтқанда, балалар құқығына қайшы нәрсе бар.
Біріншіден, Әбдіжаппар немерелерінің туған ата-анасы емес. Баланың ата-анасына берілетін құқық пен міндетті Әбдіжаппар мойнына ала алмайды. Екіншіден, балалардың режимін бұзып, таң атпай басталатын таң намазына тұрғызуға ешкімнің қақысы жоқ. Үшіншіден, кәмелет жасына толмаған балаларға намаз оқытып, діни уағыз айтуға заңмен тыйым салынған. Осы заң бұзушылықты көріп-біліп отырса да облыс прокуроры М.Тлеубердиев облыстық Дін істері басқармасының уәжіне келіскендей бопты. Қызық екен...»,- дейді ол.
Журналистің сөзінше, прокурор медреседе аноним сауалнамамен жүргізілгенін хабарлаған.
«Тексеру медресе ұстаздары тарапынан да, жасы үлкен балалар тарапынан да шәкірттерге қысым болғанын анықтап, осы заңбұзушылық бойынша Сарыағаш полициясы сотқа дейінгі тергеуді бастапты. «Шүкір» дейміз бе, не дейміз бұған?!»- дейді ол.
Ораз Әлімбек Сарыағаш медресесіндегі былық жайлы жазғаны үшін өзінің қысым көріп отырғанын айтты.
«Сарығаш медресесінде «дедовщина» барын, ұстаздардың да балаларға психологиялық қысым көрсететінін мен баяғыда жазғам. Ал медресе заңгері мені әкімшілік жазаға тартуды талап етіп дәл осы Сарыағаш полициясына арыз жазды, полиция мені біраз әурелеген. Бұл да бір қызық нәрсе... Полиция медреседегі «дедовщина» ісін сотқа апару үшін тексеру жүргізіп жатыр. Екінші жақтан медреседегі «дедовщинаны» әшкере қылып, құқық қорғау органдары атқаруы тиіс жұмысты жасаған маған «іс қозғаймыз» деп қорқытады...»,- деп жазды журналист.




