Атырауда өтіп жатқан «Қазыналы Каспий – 2026» халықаралық фестивалі балық шаруашылығының болашағы талқыланған үлкен диалог алаңына айналды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Фестиваль шеңберіндегі халықаралық форумда Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Каспий теңізіндегі экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейтудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, климаттың өзгеруі, теңіз деңгейінің ауытқуы және антропогендік әсердің күшеюі жағдайында балық қорларын сақтау бұрынғыдан да өзекті болып отыр.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов Атырау облысының балық шаруашылығы саласындағы жетекші рөлін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын ауланатын 50 мың тонна балықтың 19 мың тоннадан астамы Жайық-Каспий бассейнінің үлесіне тиесілі. Сонымен қатар өңірде жалпы құны 60 миллиард теңгеден асатын 40-тан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Өңір бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және көбейту бағытында да маңызды жұмыстар атқаруда. Атырау бекіре балық өсіру зауыты жыл сайын 5 миллион шабақты табиғи ортаға жіберсе, қазіргі жаңғырту жұмыстарынан кейін бұл көрсеткіш 7,4 миллионға дейін артады. Жалпы соңғы 30 жылда Қазақстан Каспий теңізіне 180 миллионға жуық бекіре шабағын жіберген.

Фестиваль аясында Жайық өзенінің балық қорын толықтыру мақсатында экологиялық акция өткізіліп, өзенге 3000 бекіре шабағы жіберілді. Сондай-ақ әуесқой балықшылар арасында турнир ұйымдастырылып, ауланған балықтар қайтадан суға жіберілді. Бұдан бөлек, балық өнімдерінен тағам дайындау бойынша аспаздар байқауы өтуде.





