Алматыда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Қазіргі заман батырлары» атты акция өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Іс-шараның басты мақсаты – бейбіт уақытта ерлік көрсеткен Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін ұлықтау және қоғамға қызмет етудің маңыздылығын насихаттау болды.
Кездесуге ерлігі ел есінде қалған майор Жандос Баянбаев, аға сержант Өркен Мәжіт және қатардағы жауынгер Төленби Әбілда арнайы шақырылды. Салтанатты рәсім кезінде қызметтік міндетін атқару барысында батылдық пен жанқиярлық танытқан әскери қызметшілер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сакентай Шекарбековтың және университеттің ректоры атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шарада Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы полковник Тимур Рахимов, университеттің әскери кафедра бастығы, медицина қызметінің полковнигі Нұрлан Сыбанбекұлы және мектеп оқушысы Арнай Жорабек сөз сөйледі.
Полковник Тимур Рахимов өз сөзінде марапат иелерінің нақты ерлік істеріне тоқталды. Оның айтуынша, олардың бірі қауіпті жағдай кезінде әріптесін қорғап қалса, екіншісі құқық бұзушылыққа тосқауыл қойған, ал тағы бірі жасөспірімдер арасында есірткі таралуын тоқтатқан.
Шараға Ұлттық ұланның Алматы гарнизонындағы әскери қызметшілер, жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысындағы мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара соңында әскери қызметшілердің ерлігіне арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Айта кетерлігі, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерден күн сайын 2000-ға жуық әскери қызметші қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қызмет атқарады. Олар азаматтардың тыныштығын қорғау жолында тәуекелге барып, жауапты міндеттерді орындайды.




