Алматыдағы танымал жоғары оқу орындарының бірінде жантүршігерлік оқиға тіркелді. 18 жастағы 2-курс студенті оқу орнының қабырғасында өз оқытушысына пышақпен шабуыл жасады деген күдікке ілінді.
Оқиға теміржол саласының мамандарын даярлайтын ALT University (бұрынғы Логистика және көлік академиясы) ғимаратында болған. Қазіргі уақытта университетте қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ғимарат ішінде видеоға түсіруге тыйым салынды.
Жанжал неден шықты?
Куәгерлер мен ақпарат құралдарының дерегіне сүйенсек, қанды оқиғаға академиялық мәселелер себеп болуы мүмкін. Болжам бойынша, студент емтиханнан тиісті баға ала алмай, жазғы семестрге қалу қаупі туындаған соң осындай қадамға барған. Алайда, оқу орнының әкімшілігі бұл нұсқаны әлі ресми растаған жоқ, нақты себебін тергеу анықтайды.
Оқиға тікелей оқу корпусының ерлер дәретханасында болған. ЖОО өкілдерінің айтуынша, студент 35 жастағы оқытушының соңынан кіріп, сөзге келместен пышақпен қорқытып, мойын тұсынан жарақаттаған.
Зардап шеккен ұстаздың жағдайы қалай?
Қаскөй оқиға орнынан қашып кетпек болғанымен, күзет қызметкерлері оны дер кезінде ұстап үлгерген.
Абырой болғанда, оқытушы ауыр жарақат алмаған. Университет басшылығының мәлімдеуінше, педагог медициналық көмектен кейін жұмысына қайта оралып үлгерді. Қазіргі уақытта оқу орнындағы сабақтар мен емтихандар штаттық режимде жалғасуда.
Күдікті студент бұған дейін тәртіптік жазаға тартылмаған және ақылы бөлімде оқып келген. Оның оқудан шығарылуы немесе оқуын жалғастыруы туралы шешім әзірге қабылданбаған.




