Қазақ қоғамын бірнеше күннен бері шулатып жатқан Мұхтар Жәкішевтің қызының қара нәсілдіге күйеуге шығуы әлі де тоқтамай тұр. Осыған орай Мұхтар Жәкішев әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялп, ішкі ойларымен бөлісті, деп хабарлайды Todayinfo.kz.

Қыз әкесінің сөзінше, 5 маусым күні Алтынайдың ұзату тойы өткен.

  • - Әрбір әке үшін орны бөлек, ерекше күн. Ұядан ұшқан кіп-кішкентай қызыңның есейіп, бойжеткенін және өмір жолын бірге жүріп өтетін серігін таңдағанын іштей мойындап, тебіренетін сәт.

Мен Алтынай үшін шексіз бақыттымын. Бұл таңдау кездейсоқ немесе асығыс жасалған жоқ. Оның негізінде шынайы, пәк махаббат жатыр. Карл екеуі алты жылдан бері таныс. Осыдан екі жыл бұрын Карл Алматыға арнайы келіп, алдымнан өтті. Мен өз батамды бердім.

Карл маған ұнайды. Оның азаматтық ұстанымы дұрыс, алдына қойған мақсаттары айқын әрі ауқымды. Оның еңбекқорлығына, біліміне және алған бетінен қайтпайтын қайсарлығына қарап, көздеген шыңдарын бағындыратынына кәміл сенемін.

Бірақ мен үшін ең маңыздысы – қызымды шын жүректен, терең әрі нәзік сезіммен сүйетіні, - деп жазды ол.

Ол тұңғыш қызының тойында түрмеде отырғанын айтты.

  • - Бұл тойдың мәні мен үшін тым бөлек. Үлкен қызым тұрмысқа шыққанда мен түрмеде отырдым. Ол кезде әке ретінде қолымнан бар келгені Айгеріміме арнаған ақ тілегімді қағазға түсіріп, хатпен беріп жіберу ғана болды. Сол хат тойында оқылды.

Ал бүгін бәрі басқаша.

Қызыңның қуанышында қағаздағы құрғақ сөзбен шектелмей, сөзі қағаздан ғана оқылатын адам болмаудың өзі бір ғанибет. Қызыңды өзің ұзатып, осынау өмірлік маңызы бар ақ босағадан аттар сәтінде Алтынайыңа жүрекжарды жылы сөздеріңді өзің айта алуың неткен бақыт!

Мені тұтқындағанда Алтынай не бары 9 жаста ғана еді. Бостандыққа шыққанымда ол жиырмаға толыпты.

Ол менсіз есейді.

Ол бала күнінде-ақ, мені жанұямыз арқылы көрсетілетін қысымнан құтқару үшін, туған үйін тастап жат жерге кетуге мәжбүр болды, бөтен елде өсті.

 

Ата-анасының аялы алақаны мен мейіріміне бөленіп отырған баланың кенеттен үйінен жырақтап, жат тілде сөйлейтін бөтен адамдар оқитын мектеп-интернаттан бір-ақ шыққанын түсіну қиын. Бірақ ол сынбады, бәріне төтеп берді. Мектепті, артынша университетті бітірді. Кәсіби журналист, табысты модель ретінде тұлға болып қалыптасты.

Әлемнің алпауыт компанияларының таңдауына айналып, жарнамаларынан көрінетін қызымның сүйікті дидарына қарап, жүрегім елжірейді, кеудемді мақтаныш кернейді.

Қызымның жеткен жетістіктерін мақтан тұтамын. Менің қолдауым нағыз керек болған шақтарда жанында бола алмағаныма жаным ауырады.

Алтынайды құттықтап, оның үйлену тойына орай ақ тілегін, адал ниетін білдірген барша жанға шын жүректен алғыс айтамын!

Ал кейбір қисынсыз, орынсыз пікір жазып жатқандар тек аяныш пен жиіркеніш сезімін туғызады.

Нағыз намыс күйеу баланың ұлтымен өлшенбейді. Намыс дегеніміз сол намыс үшін тым жоғары баға төлеуге тура келгенде, адамдық арың мен абыройыңды таза сақтап қала алуыңмен өлшенеді! Ұлттың жаманы болмайды. Жаман адамдар болады.

Қалған дүниенің бәрі осы қарапайым қағиданың салдары ғана.

Ар-ұжданын мансапқа айырбастап, маған қарсы істі қолдан құрастырған тергеушілердің, прокурорлар мен судьялардың ішінде бірде-бір шетелдік болған жоқ. Мені сондай «құдалардан» сақтаған Жаратқанға мың шүкір. Маған өз құдаларым ұнайды. Олардың әулеті Ұлыбританияда тұрып жатқанына жетпіс жылдан асса да, өз тамырларын ұмытпаған. Тойға олардың көбі өздерінің ұлттық киімдерін киіп келіп, өз тегіне деген құрметін ерекше көрсетті.

Карлдың әкесі Генри маған өте қатты ұнады. Екеуміз қатарласпыз, онымен әлемдік экономикалық үрдістер туралы пікір алмасып, тамаша әсер алдым. Генридің мамандығы инвестициялық банкир, Карлдың бойындағы көптеген жақсы қасиеттердің әкесінен дарығанын анық байқадым.

Карлдың отбасы мен туған-туыстарының қызыма деген ыстық ықыласына, құрметі мен махаббатына ризамын.

Өйткені мен үшін ең бастысы – қызымның бақытты болғаны!

Мен өз балаларымның таңдауын әрдайым құрметтеймін және оларды әрқашан қолдаймын.

Олар талай сынақтан өтті. Бірақ қиындыққа мойымай, адам деген атқа лайық азамат болып өсті, мен ұстанатын өмірлік қағидаларды сақтай білді.

Өмірлерің ұзақ, адал әрі бақытты болсын! Армандаған асқақ мұраттарыңның бәрі орындалсын!

Және мына дүниені естен шығармаңдар: қандай жағдай болса да, әкелерің әрқашан сендермен бірге.
Сендерді жақсы көремін. Әкелерің,- деп жазды Мұхтар Жәкішев.