Жамбыл облысындағы Жаңа Жамбыл фосфор зауытының жұмысшылары жаппай наразылыққа шықты. Бұл туралы журналист Нұрадин Рақай Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, зауытта еңбек жағдайына, жалақы деңгейіне және басшылықтың саясатына қатысты наразылық бұрыннан жиналған.

Жұмысшылар жалақыны қайта қарауды, әлеуметтік мәселелерді шешуді және кәсіпорындағы басқару жүйесіне өзгеріс енгізуді талап еткен.

Журналисттің мәліметінше, соңғы күндері зауыттағы ішкі қауіпсіздік қызметінің әрекеттері жағдайды ушықтырған. Оның айтуынша, арнайы жасақ өндіріс аумағына кіріп, жұмысшылардың жеке шкафтарын тінткен. Кейін «есірткі табылды» деген күдікпен шамамен 10 адамды алып кеткені хабарланды.

«Жұмысшылар мұны қысым көрсету әрекеті деп қабылдап отыр. Олар өз талаптарын бейбіт түрде жеткізгісі келгенін айтады», – деп жазды Нұрадин Рақай.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда ондаған адамның зауыт аумағында жиналып тұрғанын көруге болады. Кейбір жұмысшылардың «Жалақыны реттесін!», «Бастық қазақ болсын!» деген талаптар айтқаны естіледі.

Наразылықтың нақты неден басталғаны және ұсталған адамдарға қандай айып тағылғаны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Жамбыл облысының құқық қорғау органдары мен зауыт әкімшілігі оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді.

Қазіргі таңда кәсіпорын аумағындағы жағдай бақылауға алынғаны хабарланды. Жұмысшылардың бір бөлігі басшылықпен келіссөз жүргізуді талап етіп отыр.