Фото: видео скриншот
Алматыда өткен «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойыны жанкүйерлер үшін айтарлықтай қолайсыздықтармен есте қалды. Стадионға кіреберісте үлкен кезек пайда болып, қолында билеті бар көрермендер ұзақ уақыт кіре алмады. Арасында балалар да болғандықтан, жағдай қауіпті сипат алды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Оның айтуынша, стадион маңында СОБР, ІІМ және ішкі әскердің едәуір күші тұрса да, олар көрермендердің кіруін реттеуге араласпаған. Ұйымдастырушылар кезекте көп «безбилетник» болғанын алға тартқанымен, дауыс зорайтқыш арқылы билеті барларды алдымен өткізуге болар еді. Нәтижесінде матч 21:30–21:45 аралығында басталды, ал көп жанкүйер ойынға 10–20 минут кеш кірді.
Журналист Михаил Козачков та ұйымдастырудың төмен деңгейін сынға алды. Оның айтуынша, қымбат бағаға билет алған көрермендер ең болмаса минималды жайлылық күтті, алайда ол да қамтамасыз етілмеді. Бұдан бөлек, орын жетпегендіктен, безбилетниктер өткелдерде отырған. Бұл қауіпсіздік тұрғысынан да үлкен қателік саналады.
Тағы бір даулы мәселе: шамамен 5000 билет «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және ұлттық компаниялар қызметкерлеріне сатып алынғаны айтылып жүр.
Егер бұл ақпарат расталса, билеттер жеке қаражатқа алынды ма, әлде мемлекеттік ресурстар жұмсалды ма деген сұрақ туындайды. Бюджет ақшасын мұндай мақсатта пайдалану мүлде орынсыз.
Осыған байланысты құқық қорғау және антимонополиялық органдарға билеттерді жаппай сатып алу мен спекуляция жасау схемаларын тексеру туралы талап қойылды.
Жанкүйерлердің басты үміті — адалдық, қауіпсіздік пен ашықтық. Чемпиондар лигасы деңгейіне шыққан «Қайрат» енді ұйымдастыру ісінде де сол стандарттарға сай болуы тиіс.




