Түркістан облысында мектептің бұрынғы директоры қызметтік өкілеттігін заңсыз пайдаланып, пара алғаны үшін сот үкімімен кінәлі деп танылды.
Бас прокуратураның мәліметінше, экс-директор міндетті тестілеу мен аттестаттау рәсімінен өтпеген мұғалімдерге заңсыз түрде біліктілік санаттарын берген. Сонымен қатар, мұғалімдердің бірінен пара алғаны анықталған.
Тергеу барысында оның заңсыз әрекеттерінің салдарынан 12 педагогқа бюджет қаражатынан жалпы сомасы 16 миллион теңгеден астам негізсіз жалақы төленгені белгілі болды.
Бастапқыда сот айыпталушыны дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты ақтаған. Алайда Бас прокуратура бұл шешімге кассациялық наразылық білдіріп, нәтижесінде ақтау үкімі жойылды. Іс апелляциялық сатыда қайта қаралды.
Қайта өткен сот талқылауының қорытындысында бұрынғы директор лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және пара алу баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкіміне сәйкес, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылып, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.




