Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл кезінде кастет қолданылған болуы мүмкін. Нәтижесінде Байғазиевтің сол жақ бет сүйегі сынған. Ол ауруханада алты сағаттай болғанымен, дәрігерлердің ұсынған госпитализациясынан бас тартқан.
Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда күдіктінің жеке басы анықталған және ол полиция бөліміне жеткізілді.«Науқас сол жақ бет сүйегінің сынуы диагнозымен жеткізілді. Жарақат сырт көзге көрінбейді, тері зақымданбаған. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Белгілі болғандай, Нұрлан Байғазиев Таразға жеке сапармен, кездесу мақсатында барған. Қазіргі таңда оның денсаулығына төнген қауіп жойылғанымен, шабуылдың себеп-салдарын анықтау тергеу барысында белгілі болмақ.«Оқиғаға қатысы бар адам анықталып, полицияға жеткізілді. Қылмыстық іс бойынша тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген полиция таратқан ақпаратта.




