Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

«Қаңтар қырығының алдында да кездескен»: депутат экс-президент Назарбаевтың Путинмен кездесуінен күдіктенді

Депутат Қазыбек Иса экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен қайта кездескені туралы ақпаратқа алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл кездесу қазақстандық қоғам үшін қауіпті символдық мәнге ие, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агентті

Авторы Айғаным Нариманова··2 мин оқу
«Қаңтар қырығының алдында да  кездескен»: депутат экс-президент Назарбаевтың Путинмен кездесуінен күдіктенді

Депутат Қазыбек Иса экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен қайта кездескені туралы ақпаратқа алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл кездесу қазақстандық қоғам үшін қауіпті символдық мәнге ие, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, бұған дейін де осындай жағдай болған. 2021 жылдың 27 желтоқсанында Назарбаев Санкт-Петербургте Путинмен кездескен кезде ақпарат құралдарында фотоаппараттардың сартылы естілген. Алайда, арада бір апта өткен соң бұл үн Алматыдағы автоматтардың тарсылына, яғни Қаңтар қасіретіне ұласқан.

Қазыбек Иса бұл жайтты жай сәйкестік деп қабылдауға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, дәл сол кездесуден кейін елде саяси дағдарыс басталып, мемлекетке аса зор қауіп төнді.

Депутат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрын экс-президентке қарата айтқан «Кеттің бе – қайырылма» деген сөзін еске салды. Оның айтуынша, бұл тіркес қоғамда «Кеттің бе – қараңды батыр» деген халықтық үкімге айналған.

Иса бұл ұстанымды ел ішіндегі зиялы қауым да толық қолдағанын атап өтті. Айтуынша, ол депутаттық іссапар кезінде Алматыда өткен зиялы қауым өкілдерімен кездесуде осы пікірдің кең қолдау тапқанына куә болған.

Сонымен қатар депутат Қаңтар оқиғасына байланысты Парламентте бірнеше рет ресми сауал жолдағанын еске салды. Оның сөзінше, 2022–2023 жылдары ол Қаңтар қасіретінің себептері мен ұйымдастырушыларына қатысты нақты жауап талап еткен.

Қазыбек Исаның пікірінше, Қаңтардан кейін экс-президенттің қайта-қайта Мәскеуге барып, Кремль алдында есеп бергендей әрекет жасауы қоғамның ашу-ызасын күшейтеді.

«Бұл – елдің ауыр трагедиясын елемеу», – дейді ол.

Депутат Қаңтар оқиғасына басты кінәлілер толық жауапқа тартылмайынша, қоғамда «Ескі Қазақстанды» аңсау қаупі сақталатынын атап өтті. Оның айтуынша, халықтың басты талабы – әділдік, ұрланған байлықты қайтару және саяси жауапкершілік.

Сондай-ақ Қазыбек Иса «Тұңғыш Президент – Елбасы» атауы барлық заңдар мен ресми құжаттардан толықтай жойылуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, бұл атау заң жүзінде күшін жойғанымен, қоғамдық санада әлі сақталып отыр.

Депутат сөз соңында қоғамды ақпараттық манипуляцияларға ермеуге шақырып, «Әділетті Қазақстан»қағидатын қағаз жүзінде емес, нақты іспен жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

Ұқсас материалдар

«Қаңтар қырығының алдында да кездескен»: депутат экс-президент Назарбаевтың Путинмен кездесуінен күдіктенді · Todayinfo