Фото: Мәжіліс
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы тарихи ойынға қатысты билеттердің бағасы мен ұйымдастыру сапасын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Депутаттың айтуынша, матч басталмай екі сағат бұрын стадионға келген мыңдаған жанкүйер ұзын-сонар кезекте тұрып, ішке кіре алмай қалған. Волонтерлер жағдайды реттей алмаған, ал халықты басқару мүлде болмаған.
«Бұл – Чемпиондар лигасы. Біз мұндай шараны өркениетті түрде өткізуге тиіс едік. Бірақ ұйымдастырудағы жабайылық біздің абыройымызға сын болды», – деді ол.
Qaz365.kz сайтының жазуынша, Базарбек әсіресе балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған. Оның сөзінше, кішкентай балалар ата-аналарымен бірге жаншылып, қауіпті жағдайға тап болған.
Сонымен қатар депутат шамамен 5 мың билет «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және ұлттық компаниялардың қызметкерлері алдын ала сатып алған деген ақпарат бар екенін айтты.
«Егер бұл билеттер бюджет қаржысына алынғаны расталса, міндетті түрде тексеріс жүргізуді талап етеміз. Бұл іске Есеп комитеті мен құқық қорғау органдары араласуы тиіс», – деді депутат.
Ол сондай-ақ билеттердің алыпсатарлық жолмен сатылғанына назар аударды. Айтуынша, матч басталар алдында кей билеттердің бағасы 700 мың теңгеге дейін көтерілген.
«Бұл ақшаға Еуропаның жартысын аралап шығуға болады. Қарапайым алматылықтар матчқа кіре алмады, тек "блатпен" жүргендер кірді. Мемлекет делдалдарға тосқауыл қоюы қажет», – деді ол.
Базарбектің пікірінше, билет төңірегіндегі дау тек жанкүйерлердің көңілін қалдырған жоқ, сонымен бірге Қазақстанның халықаралық беделіне де нұқсан келтірді.




