Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

«Сағаттап ақыл айту мен өтірік уәделер сүйікті ісі еді»: танымал ағартушы Ғани Бейсембаевтың 20 қателігін тізіп шықты

Фото: Ұлысмедиа Оқу-ағарту министрлігін 3 жылға жуық басқарған Ғани Бейсембаев уәдесін үйіп-төгіп бергенімен, орындағаны мардымсыз болды дейді қазақстандықтар. Мұғалімдер мен қоғам белсенділері оның тұсында білім беру саласында қағазбастылық азаймай, керісінше күшейгенін, реформа

Авторы Айғаным Нариманова··2 мин оқу
«Сағаттап ақыл айту мен өтірік уәделер сүйікті ісі еді»: танымал ағартушы  Ғани Бейсембаевтың  20 қателігін тізіп шықты
Фото: Ұлысмедиа Оқу-ағарту министрлігін 3 жылға жуық басқарған Ғани Бейсембаев уәдесін үйіп-төгіп бергенімен, орындағаны мардымсыз болды дейді қазақстандықтар. Мұғалімдер мен қоғам белсенділері оның тұсында білім беру саласында қағазбастылық азаймай, керісінше күшейгенін, реформалар мен бастамалардың көбі аяқсыз қалғанын алға тартады. Сыншылар экс-министрдің жұмысы көбіне жиындар мен марапаттарға көбірек мән беруімен есте қалып, "тамада министр сөйлеп келді, сөйлеп қоштасты" деген сипаттама берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Желіде сынағандар алғашқылардың бірі республикалық "QAZBILIM" орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы. Ол министрдің қызмет атқарған жылдарын босқа кетті деп өткір сынады.
"2 жыл 9 ай оқу-ағартудың тізгінін ұстады. Қысқа уақыт емес, үлкен мүмкіндік. Оған дейін 8 ай вице-министр болғанын ескерсек, дайындық уақыты да жеткілікті болды. Тамада министр сөйлеп келді, сөйлеп қоштасты. Сөзімен келіп, сөзімен кетті. Алдыңғы министрдің тұсында қабылданған біраз оң шешімдердің күшін жойды. Қарапайым тұрғыда “Алтын белгілерге” қатысты шешім, 1-сыныпқа оқушы қабылдау уақытын өзгерту шешімі, оқушы қозғалысының шешімі, ақылы олимпиада өткізбеу сияқты ұпай бермейтін, бірақ қажет шешімдерді. Бәрі тек оқу-ағартудағы тәртіпті әлсіретті. Ең қызығы, бұл кісінің уәделері еді. Уәдені үйіп-төгіп берді. Бірақ орындалмады", – деп сынға алды Аятжан Ахметжанұлы.
Қоғам белсендісі бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың уәделерін тізбектеп шықты. Оның айтуынша, министр қызметке келген сәтте бірқатар бастама көтерілгенімен, олардың көбі жүзеге аспаған. Осы ретте ол бұрынғы басшының, ең әуелі, сынып жетекшілеріне 3 есе үстеме ақы қосылады деген уәдесін еске салды. Алайда үш есе түгілі, 3%-дық үстеме де қосылмағанын атап өтті.
"Екіншіден, білім беру бағдарламалары жаңарады деді. Өзі Алтынсарин атындағы Білім академиясы президенті боп тұрғанда басталған тірліктің не болғанын да жұрт білмейді. Керісінше, химия, физика, биологияны қосып жаратылыстану ғылымы пәні қылу, дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері бірігеді, алгебрамен геометрия бірігіп математика болады деп, отпен суды қосып бейкәсібилік көрсетті де, солай мемлекеттік стандартты өзгертті. Жұрт шулап еді, оны да сиырқұймышақтандырып жоқ қылды. Ескі, 2016 жылғы бекітілген мемстандарт пен оқу жоспарларын жаңарту, әттеген-айларын шешу үшін жасалған мемлекеттік стандарт пен оқу жоспары жүйесі дайын еді ол келгенде. Енгізбеді, өкінішке орай, созбақтап жүріп қоштасты. Шешім қабылдаудан қорықты", – деп шүйлікті қоғам белсендісі.
Қоғам белсендісі  бас ұстаз Ғани Бейсембаевтың министрлігі тұсында қағазбастылық қысқармай, керісінше, арта түскенін айтады. Оның пікірінше, мұғалімдердің жұмысы жеңілдемек түгілі, есеп-құжаттарға батып кеткен.
"Қағазбастылықты азайтамын деді. Керісінше, оның кезінде мұғалімдердің құжаттары мен есептілігі кемі бес есеге артып, қағазға көмілді. Мұны бүкіл мұғалім растар. Бұл кісінің сүйікті ісі – форум өткізу мен жиналыс жасау еді. Өңірлерге барып, мұғалімдер мен басшылардың басын қосып, сағаттап ақыл айту – сүйікті ісі болды", – дейді ол.
Сонымен қатар Ғани Бейсембаевтың білім берудегі тәрбие мәселесі де сынға алынды.
"Мұғалімдерді тәрбиелік іс-шараларды әлеуметтік желілерге рилс түрінде түсіруге бұрды да, хэштегтер мен желідегі посттармен тәрбиенің сапасы өлшенді. Бірақ шынайы жағдайдың кері кеткені елде болған қаншама іс-шарадан белгілі. Мұғалімдердің мезгілсіз сенбілігі, шырша отырғызуға баруы, су қоймаларының күзетіне тартылуы секілді оқиғалар ел есінде. Ал, сыни көзқарас білдірген, ойын ашық айтқан қаншама мұғалім қуғынға ұшырады. Айтпақшы, министр ретінде келе салған соң қарапайым мұғалімді сотқа бергені де ел есінен шықпаған шығар", – деп атап өтті қоғам белсендісі.
Еске салайық, бұған дейін Ғани Бейсембаевтың кезінде мұғалімдерді өзіне тән емес жұмысқа тартудың сорақы мысалы Семейде тіркелген еді. Қалалық шыршаны безендіру ісіне педагогтар жұмылдырылып, соның салдарынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев 4-5 метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды. Ол бірнеше күн жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысып, өлім аузынан қалды. Бұдан бөлек қоғам белсендісі оның қызмет еткен тұсында министрлік маңындағы түсініксіз бизнестер көбейіп кеткенін еске салды.
"Білім саласында ақылы курстардың саны артты. Неше жыл тоқтаған ақылы олимпиадалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Бұдан бөлек президент бастамасымен басталған "Жайлы мектеп" жобасын шатқа яқтатты. Оның авторы өзі болғысы келіп, бұл жобаны "Келешек мектептері" деп қайта атады. Бірақ комфортты мектептер саны 367-ден 217-ге азайды. Оның өзі әлі түсініксіз. Президент жайлы мектептерді бөлек жүйеде басқару туралы тапсырма берді. Бірақ, орындай алмады. Жүйесі де, мазмұны да өзгермеді. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы арқылы мектептер желісін құру әрекеті сәтсіз аяқталды", – деп пікір білдірді Аятжан Ахметжанұлы.

Ұқсас материалдар

«Сағаттап ақыл айту мен өтірік уәделер сүйікті ісі еді»: танымал ағартушы Ғани Бейсембаевтың 20 қателігін тізіп шықты · Todayinfo