Ресей ішкі нарықтағы тапшылықты жою мақсатында Қазақстаннан 50 мың тонна АИ-92 бензинін сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы төрт түрлі дереккөзге сілтеме жасаған Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Келісім аясында Қазақстан Ресейге АИ-92 бензинін беріп, орнына авиациялық жағармай алуы мүмкін. Қазіргі уақытта Қазақстанда сұраныстың артуына және Ресейден келетін импорттың төмендеуіне байланысты әуе отынының дефициті байқалып отыр.
Бұл жағдай маусым айында Украинаның ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарынан кейін туындады. Соның салдарынан Ресейде бензин өндіру 25 пайызға қысқарып, кемінде 20 аймақта жанармай шектеумен сатылып жатыр.
Агенттік дереккөздерінің мәліметінше, Қазақстан өндіріс көлемі аз болғандықтан, Ресейге үлкен көлемде жанармай бере алмайды.
"Қазақстанда қазір бензин жеткілікті, бірақ 26 маусым мен 20 шілде аралығында Атырау мұнай өңдеу зауытында өтетін жөндеу жұмыстары қорды азайтуы мүмкін", – деп атап өтті ақпарат көздері.




