Қазығұрт ауданына қарасты Атбұлақ ауылының маңындағы тауға шыққан жергілікті тұрғын биік шыңда қалып қойды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Оқиға 26 сәуір күні болған. Ер адам тауға көтеріліп, бірақ тік жартастан түсе алмай, 112 қызметіне хабарласқан. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары дереу оқиға орнына жеткен. Алайда техника жүре алмайтын қиын рельефке байланысты мамандар 10 шақырымды жаяу жүріп өтуге мәжбүр болған.
Құтқарушылар ер адамды қатты үрейленген күйде тапқан, бірақ оның дене жарақаты болмаған. Мамандар кәсіби құралдар мен сақтандыру жүйесін пайдаланып, оны қауіпсіз түрде төмен түсірген. Медициналық көмек қажет болмаған. Тұрғын құтқарушыларға алғысын білдірген.




