Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, реформалардың жаңа кезеңінде Қазақстанға қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша жалпыұлттық диалогты тұрақты түрде жүргізуге арналған кең ауқымды платформа қажет.
«Реформалардың жаңа кезеңінде Қазақстанға қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша жалпыұлттық диалогты тұрақты түрде жүргізуге арналған кең алаң, яғни ортақ трибуна қажет. Бұл платформа халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосатын негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қамтуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызы зор миссиялары іс жүзінде сәтті орындалды деп есептеуге болатынын атап өтті.
«Сондықтан жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін – Народный Совет Казахстана құруды ұсынамын», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаңа орган қызметінде Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық сабақтастығын сақтау аса маңызды екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл – қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жүйелі түрде нығайтуға бағытталған ұстаным.
Сонымен қатар Президент Халық Кеңесі өзінің мәні жағынан өзге елдердегі консультативтік құрылымдардың тәжірибесін бойына сіңірген жаңа мемлекеттік орган болатынын айтты.
«Бұл кеңесте еліміздегі барлық этностар, әлеуметтік топтар мен өңірлер өкілдік алады. Қазақстанның Халық Кеңесі елдегі ең жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің ұсынысына сәйкес, Халық Кеңесінің құрамы 126 адамнан қалыптастырылады. Оның ішінде:
-
42 адам – этномәдени бірлестіктерден,
-
42 адам – ірі қоғамдық ұйымдардан,
-
42 адам – мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден ұсынылады.
Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды, ал төраға Кеңес мүшелерінің өз ішінен сайланады. Төрағаның қоғамдық негізде, ротациялық тәртіппен тағайындалатын екі орынбасары және хатшылық басшысы болады.
Президент бұл бастама елдегі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын атап өтті.




