Қазақстаннан қомақты қаржыны жасырын алып өтпек болғандар қолға түсті, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі шетелге декларацияланбаған ақша қаражатын заңсыз әкету әрекеттерінің жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ведомство мәліметінше, 2 маусым күні Атырау облысындағы «Құрманғазы» өткізу бекетінде Қазақстан азаматының жүгінен 299,6 мың АҚШ доллары табылған.
Ал 3 маусымда Жамбыл облысындағы шекарада алты шетел азаматы 102,5 миллион рубльді жасырын түрде алып өтпек болған кезде ұсталды. Аталған фактілер бойынша материалдар тиісті процестік шешім қабылдау үшін құзырлы органдарға жолданды.
ҰҚК дерегінше, жыл басынан бері жалпы сомасы 6,9 миллиард теңгені құрайтын декларацияланбаған валютаны шетелге әкетудің 681 әрекеті тоқтатылған. Шекара қызметі Қазақстан заңнамасына сәйкес 10 мың АҚШ долларынан асатын қолма-қол ақшаны декларациясыз ел аумағынан алып шығуға тыйым салынатынын еске салды.




