Қазақстанда некеге мәжбүрлеуге қарсы күрес тек қыз алып қашу фактілерімен шектелмеуі керек. Бұл туралы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде өткен дөңгелек үстелде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, әзірленген түзетулер көршілес елдердегі ұқсас нормалардан ауқымдылығымен ерекшеленеді.
«Қабылданған түзетулердің басты ерекшелігі – кешенді көзқарас. Біз тек қыз алып қашқаны үшін емес, адамды оның еркінен тыс некеге тұруға мәжбүрлеудің кез келген түрі үшін жауапкершілік қарастырып отырмыз. Олардың қатарында күш қолданамын деп қорқыту, мүлікті жою қаупін төндіру немесе бопсалау сияқты әрекеттер бар», – деді Ластаев.
Омбудсменнің сөзінше, ұсынылып отырған жауапкершілік тек әйелдерге ғана емес, ер адамдарға қатысты мәжбүрлеу жағдайларын да қамтиды.
«Біз тек қыз алып қашу мәселесімен шектелмей, әйелді де, ер адамды да некеге мәжбүрлегені үшін жауапкершілік енгізуді ұсынып отырмыз. Мысалы, жоспардан тыс жүкті болып қалған қыздың туыстары немесе ағайындары болжамды әкені күш көрсетеміз деп қорқытып, үйленуге мәжбүрлеуі мүмкін. Мұндай тәсіл халықаралық стандарттарға және гендерлік теңдік қағидатына сәйкес келеді деп есептейміз», – деді ол.
Сондай-ақ Артур Ластаев сталкинг мәселесі де назарда қалып отырғанын айтты. Қазіргі уақытта Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппараты әйелдердің құқықтарын қорғауға арналған монографияны әзірлеуді аяқтап жатыр.
Зерттеуде халықаралық стандарттар, қолданыстағы заңнама және оны қолдану тәжірибесіне талдау жасалған. Жекелеген бөлімдер зорлық-зомбылықтың алдын алу, гендерлік және экономикалық теңсіздік мәселелері, сондай-ақ осал топтағы әйелдердің, оның ішінде сотталған әйелдердің құқықтарын қорғауға арналған.
«Мұндай еңбектер адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін дамыту үшін маңызды. Монография ғылыми және практикалық тәжірибені жинақтап қана қоймай, алдағы зерттеулерге, заңнамалық бастамаларға және институционалдық реформаларға негіз қалайды», – деп түйіндеді Ластаев.




