Қоғам белсендісі Бекболат Қаржан Мұхтар Жәкішев пен оның қызы төңірегіндегі қоғамдағы қызу пікірталасқа қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Ол әлеуметтік желідегі жазбасында кезінде Мұхтар Жәкішевті қолдап, оған жанашыр болған азаматтардың аз болмағанын атап өтті.

«Жәкішевтің соты кезінде оған тілеулес болған адамдар көп еді. Әділдік сұрап, соттарына қатысқан, тіпті әулиелерді аралап, дұға жасаған азаматтар болды», – деп жазды Бекболат Қаржан.

Белсендінің айтуынша, бүгінде сол адамдардың кейбірі Жәкішевке қатысты бұрынғы жазбаларын өшіруді сұрап жатқан көрінеді.

Сондай-ақ ол Мұхтар Жәкішевтің қызының шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуына байланысты қоғамда қалыптасқан пікірлерге тоқталды.

«Мәселе оның қызының кімге тұрмысқа шыққанында емес. Әңгіме бұл жағдайдың қоғамда қандай идеологиялық сипат алып жатқанында», – дейді ол.

Бекболат Қаржанның пікірінше, бұл тақырып төңірегіндегі талқылаулар ұлттық құндылықтар, тіл мәселесі және болашақ ұрпақтың болмысы туралы маңызды сұрақтарды күн тәртібіне шығарған.

«Кей пікірлерді оқыған кезде қоғамның қай бағытқа бет алып бара жатқаны туралы ойланасың. Тілден айырылудың қандай салдары болатынын түсіну керек», – деп жазды ол.

Сонымен қатар қоғам белсендісі қазақ қоғамының бірлігіне қатысты алаңдаушылығын да жасырмады.

«Кейде шынымен біртұтас бола аламыз ба деген сұрақ туындайды. Мені ойландыратыны – осы», – деді Бекболат Қаржан.

Ол сөз соңында Мұхтар Жәкішевтің қызының жеке өмірі өз таңдауы екенін атап өтіп, бұл мәселені ұлттық деңгейдегі идеологиялық тартысқа айналдырмау керектігін айтты.