Журналист Мөлдір Бақыт соңғы күндері көпшілік талқысына түскен Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Жәкішеваның шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында Алтынай Жәкішеваның өмірбаянына тоқталып, оның әкесі сотталған кезде небәрі 10 жаста болғанын еске салды. Журналистің айтуынша, Алтынайдың әлеуметтік желідегі парақшасында 2016 жылдан бері жарияланған жазбалар негізінен ағылшын тілінде жазылған.
Сондай-ақ Мөлдір Бақыт 2009 жылы жарияланған сұхбаттарға сүйене отырып, Мұхтар Жәкішевтің үлкен қызы Айгерімнің сол кезде Лондонда білім алып жүргенін атап өтті. Оның пікірінше, Алтынай да кейіннен Англияға кеткен болуы мүмкін немесе отбасының балалары шетелде бұдан да ертерек тұрған болуы ықтимал.
Журналист жазбасында Мұхтар Жәкішевтің еңбек жолына да тоқталған. Оның айтуынша, Жәкішев Мәскеудегі оқуын тәмамдағаннан кейін 1992-1996 жылдары «Бутя» компаниясында қаржы директоры болып жұмыс істеген. Кейін әртүрлі акционерлік қоғамдарда қызмет атқарып, 1998 жылдан 2009 жылға дейін «Қазатомпром» ұлттық компаниясын басқарған.
Мөлдір Бақыт сондай-ақ 2009 жылы Мұхтар Жәкішевке қатысты қозғалған қылмыстық іс материалдарында көрсетілген кейбір деректерді еске алды. Оның ішінде Австриядағы «Қазатомпром» өкілдігіне қатысты эпизод пен сол кездегі жоғары лауазымды тұлғалардың аты аталғанын жазды.
Бұдан бөлек журналист Мұхтар Жәкішев пен марқұм Рахат Әлиевтің студенттік кезден таныс болғаны туралы мәлімет келтірді. Оның айтуынша, Жәкішев Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның үйлену тойында жігіт жолдас болған.
Алайда жазба авторы негізгі мәселе белгілі бір отбасы емес, қоғамдағы өзгерістер екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұрын шетелде білім алу мен жұмыс істеу негізінен ауқатты отбасылардың балаларына тән болса, бүгінде орташа қазақстандық отбасылардың балалары да шетелде оқып, еңбек етіп жүр.
«Сондықтан болашақта шетел азаматтарымен отбасын құратын қазақтардың саны азаймайды, керісінше арта түсуі мүмкін», – дейді журналист.
Сонымен бірге ол бұл мәселеге қатысты өзінің жеке ұстанымын да жасырмаған.
«Өз балаларымның қазақтан жар таңдағанын қалар едім. Бірақ соңғы күндері әлеуметтік желідегі пікірталастарды оқып отырып, қоғам көзқарасының өзгеріп жатқанын байқадым», – деп жазды Мөлдір Бақыт.




